Соңғы 5 жыл ішінде «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» мыңнан астам кәсіпкерлік бастамаға серпін беріп, 20-дан астам цифрлық жүйе әзірледі. Оның ішінде мобильді қосымша арқылы полиция мен соттың қатысуынсыз ұсақ жол-көлік оқиғасын рәсімдеу, сақтандыру төлемінің мерзімін 40 күннен 5 күнге дейін қысқарту, тағы ұшқышсыз авиациялық жүйелерді тіркеу сияқты ұтымды шешімдер бар. Мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде осы күнге дейін іске асырылған осы сынды негізгі жобалар Demo Day іс-шарасы шеңберінде келушілер назарына ұсынылды.
ӘЛИЯ ОСПАНОВА, ЦИФРЛЫҚ ҮКІМЕТТІ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Өңірлерді цифрландыру бойынша Smart Region деген бағдарламамыз бар. Осы бағдарлама аясында біз қазір арнайы аумақтық дамуға бейімделген концепцияны жазып жатырмыз. Дегенмен қазіргі таңда бізде региондарымыз түрлі-түрлі. Әрбір аймақтың өз ерекшеліктері бар. Сол себептен біз Қостанай облысымен жұмыс істегенде біз көбіне агросектордағы процестерге көңіл бөлеміз.