Трамп соғысты тоқтататынына сенімді

Жалғанда менен асқан бітімгер жоқ. Соғысты күндердің-күні тоқтатамын. Бұл – Трамптың журналистерге берген жауабы. Бүгін Астана уақытымен түнгі 23:00-де Аляскада Путин мен Трамптың жеке кездесуі басталады. АҚШ Президенті осы келіссөздер туралы екі ойлы жауап береді. Бірде, мүмкіндік аз десе, кейде, осы қазір бітті, соғыс тоқтайды, - деп жауап қатады.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен биыл билікке қайта келгенде 6 соғысты тоқтаттым. Арасында ірілі-ұсақты да, ядролық соғысқа ұласып кете жаздағаны да бар. Екі тараппен жеке түсіністігіміз бар. Алайда, келесі, Зеленский мен Путиннің арасындағы жүздесу кезінде негізгі мәселелер шешімін табуы тиіс. Ыңғайы болса, Еуропа елдерінің басшыларын да шақыруымыз мүмкін.

Израиль Газа секторын ғана емес, Йордан өзенінің Батыс жағалауындағы басқыншылық қарқынын арттырмақ. Израиль Қаржы министрі – Бецалель Смотрич арам пиғылын да жасыратын емес. Ондағы мақсат, алпауыт елдер Палестинаны тәуелсіз мемлекет деп тануына кедергі келтіру.

БЕЦАЛЕЛЬ СМОТРИЧ, ИЗРАИЛЬ ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Біздің мақсатымыз – Палестина идеясын жою. Ол жерлерге иудейлерді көшірсек, онда тәуелсіз Палестина мемлекетін құру мүмкін болмайды. Осылайша, Йерусалимді толыққанды өз бақылауымызға аламыз.

Италия Газа балаларын құтқарды. Аштықтан және соғыстан қатты жапа шеккен 114 бала Апенин түбегінде ем-дом алады. Бұл гуманитарлық миссия бойынша жұмысты Италия толықтай өз мойнына алған.

АНТОНИО ТАЯНИ, ИТАЛИЯ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Көріп тұрғандарыңыздай ұшақтан түсе сала балалар ауруханаға жіберіліп жатыр. Әрқайсының жағдайы әртүрлі. Сондықтан, бірде-бір секунд дамылдай алмаймыз. Біз Палестина халқын қолдаусыз қалдыра алмаймыз.

Кашмирде нөсер жауынның артынан ұласқан су тасқынында 44 адам қаза тапты. Үндістанға тиесілі, бірақ, мұсылмандар қоныстанған бұл таулы аймақта табиғи апат жылда қайталанады. Алайда, қаза тапқандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Қазір, іс-түссіз жоғалғандарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.