Алматы облысының Байсерке аэродромында «Байсерке аспаны – 2025» авиашоуы өтті

Алматы облысының Байсерке аэродромында еліміздегі ең ауқымды авиациялық шаралардың бірі – «Байсерке аспаны – 2025» авиашоуы өтті. Бұл әуесқой әуе жанкүйерлерін ғана емес, мыңдаған қонақтарды да бір жерге тоғыстырды. Қыран қанатты ұшақтар мен тікұшақтар, көктен қалықтап құлаған парашютшілер – барлығы да көрерменнің жүрегін жаулады.

АЭЛИТА ФЕДОРОВА,“БАЙСЕРКЕ АСПАНЫ - 2025" АВИАШОУЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

Біз бұл іс-шараға өте ұзақ әрі тыңғылықты дайындалдық. Әр детальға мән бердік. Ұшқытарды дайындадық. Бұған дейінгі шоулардан өзгеше етіп жасадық. Менің ойымша, шараға келгендерге қатты ұнады. Келесі жылы бұдан да жоғары деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз. 

Авиашоуға 10 мыңнан астам көрермен жиналды. Қонақтар үшін 15 түрлі фуд-корт пен демалыс аймақтары ұйымдастырылды. Шараға отандық әуе клубтары, Қазақстандық шағын авиация қауымдастығы және халықаралық серіктестер қолдау көрсетті. Ал волонтёрлердің 70 адамнан құралған тобы меймандарға қызмет етті.

ҚУАНЫШБЕК МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ұшқыштарды Қазақстан бойынша жинадық және шетелден ұшқыштарды да шақырдық. Келесі жылға біз өзіміздің айтып отқанымыздай масштабировать етіп, үлкендеу ғып көтеріп шетелдің де ұшқыштарын шақырудамыз. Қазңр келіссөздер жүргізілуде.

«Байсерке аспаны – 2025» елдің әуе әуесқойлары үшін жарқын мерекеге айналды. Бұл шара Алматы облысының туризм әлеуетін айқындап қана қоймай, авиация саласының жаңа тынысын ашты. Көкке көтерілген қанатты қырандар көрермен жүрегінде ұзақ сақталары анық.