Ақтөбеде тұрғындар жиналды

  • AstanaTV
  • 19 тамыз 2025

Ақтөбе облысының, Алға ауданына қарасты Жерұйық  ауылының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көре алмай отыр.  Мұнда тұратын 250-ге жуық адам газды 20 жылдан бері күтіп жүр. Жобаға енген. Құбыр да ауылға тиіп тұр. Құжаттарын да әзірлепті. Бірақ, билік ақша бөлмей жатыр, дейді ашынған жұрт.

ӘДІЛБЕК ЖҰБАНИЯЗОВ, ЖЕРҰЙЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізде мына Саздыда газ бар.Үшқұдықта газ бар.Қарақұдықта газ бар.Айналадағы бүкілінде газ бар.Бізде жоқ.

Ауыл тұрғындары қыс болса  көмір жағып күн көреді.  Әр тоннасын 25 000 теңгегеден сатып алып отыр.   Есікке дейін жеткізуі тағы бар, ол 20 мың теңге.  Ал жылыту маусымында әр отбасыға шамамен 6-7 тонна көмір қажет.

НЕСІБЕЛІ БАЛТАБАЕВА, ЖЕРҰЙЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Пенсиям аз. Менің пенсияма тек 4-ақ тонна көмір келеді. Ол не болады?Үй үлкен.Маған көмір тасу оңай емес.

Ауылда мектеп те, балабақша да бар. Заманауи спорт кешені де салынған. Алайда жастардың мұнда тұруға ынтасы жоқ. Себебі білім беру ұйымдарының іші қысы-жазы мұздай. Балалар жиі ауыратын көрінеді.  Жергілікті кәсіпкерлер де  шаруасын дөңгелете алмай отыр. Мемлекеттен жылыжай ашамын деп несие алғандар қарызға батқан.

ӘДІЛБЕК ЖҰБАНИЯЗОВ, ЖЕРҰЙЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кредит бересіз.Оған теплица сал дейчіз.Теплицаны немен жағады ол? Газ болмаса. Ауыл тұрғындарының жағдайын жасамағасын ол жақта болашақ болады ма?

Жергілікті билік өкілінің айтуынша, Жерұйық ауылына газ кіргізу бойынша жобалық сметалық құжат 2023 жылы дайындалған. Мемлекеттік сараптамадан да өтіпті. Облыс әкімдігі республикалық бюджетке өтінім берген. Өкінішке қарай мақұлдамапты. Енді мәселе 2025-2027 жылдары қайта қаралуы тиіс.

СЕРІК ДӘУЛЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

2025-2027 жылдарға республикалық бюджетті нақыталу кезінде  біздің облыс тарапымыздан қайтадан бюджеттік өтінім берілді. Қазіргі уақытта  комисисяның оң қорытындысын күтіп отырмыз.

Ауыл тұрғындарының алдағы қыста да тағы көмір жағатын түрі бар. Сондықтан осы бастан отын қорын дайындап, қамданудан басқа амалы жоқ.