Абай облысында қайғылы жол апаты: үш бала қаза тапты (ВИДЕО)

Уржар ауданында жүргізуші балаларды қағып кетті, үшеуі ауруханаға жеткізілді

Абай облысының Уржар ауданында ауыр жол апаты тіркелді. Полицияның мәліметінше, оқиға 19 тамыз күні сағат 16:00 шамасында Бестерек ауылында болған, хабарлайды Astana TV.

Алдын ала деректерге сәйкес, 55 жастағы Toyota көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында тұрған жасөспірімдерге соққан. Салдарынан екі бала оқиға орнында көз жұмды, тағы біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болды.

Әртүрлі жарақат алған тағы үш жасөспірім медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сараптама оның мас күйде болмағанын көрсетті.

Полиция қызметкерлері оқиға орнында тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Трагедияның себептері мен нақты мән-жайы анықталуда.