14 электр бағанасы құлап қалды

Атырау облысының Индер ауданында бұршақ аралас жаңбыр жауып,  дүлей дауыл әп-сәтте  айналаны талқандады.    Күрт құбылған табиғаттың тосын мінезі ауылды астан-кестен еткен.  8 әлеуметтік нысан мен пәтердің шатыры ұшып, ағаштар құлады.  Ойын алаңдары, жарық шамдары, лэд-экрандар,  электр желілері зақымданды. Аудан орталығынан Есбол ауылына қатынайтын жолдағы 14 электр бағанасы құлаған.  Үрейленген халық үйден шыға алмай қалды. 

ГҮЛЗАДА ҚАЗМҰҚАШЕВА, ИНДЕРБОР КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен жолдасыма телефон соғып  айтып жаттым бізде жаңбыр жауып жатыр деп. Бір мезгілде алып күш келгендей болды. Ойпаң-тойпаңын шығарды ғой. Түсіне алмай қалдық өзіміз. Бір мезгілде «Ақ Жайықтың» шифры келіп тереземе соқты , төбеме соқты. Бір мезгілде үйден тамшы ақты. Не болды дегенде кішкентай балам біздің шифер ұшып кетті деді.

АСЕТ ОРАЗҒАЛИЕВ, ИНДЕР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және аудандық әкімдік тарапынан бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Аудандық төтенше жағдайлар  комиссиясы өткізілетін болады. Қорытындысымен қолданыстағы заңнама аясында қажетті жұмыстар жүргізетін боламыз.

Ауданда  сойқын желдің  салдарын жою үшін арнайы комиссия құрылды. Келген шығынды есептеп жатыр. Атырау қаласына да  жарты сағатта бір жарым айлық мөлшердегі жаңбыр жауып, қала мен маңындағы ауыл көшелері көл болды. Жедел желіге  100ден астам тұрғын көмек сұрап, қоңырау шалған.