Еуропа елдерінің басшылары Украинадағы соғысты тоқтатып қойғандай, болашақ, қауіпсіздік кепілдемесін талқылап әлек. Германия да солардың қатарында. Қазір, 10 мемлекет соғыс аяқтала сала келесі күні өз әскерлерін Украина жерін қорғауға жіберуге дайын екенін жеткізді.
ФРИДРИХ МЕРЦ, ГЕРМАНИЯ КАНЦЛЕРІ:
Біз Украинаның қауіпсіздігінің кепілдігі мәселесі бойынша ұзақ ақылдастық. Осы мәселені шешу үшін біраз тер төктік. Соңғы келіссөздер толық шешімге біздің бір табан жақындатты. Сондықтан, болашаққа үмітпен қараймыз.
Вашингтондағы өткен келіссөздерде талқыланған мәселенің бірі -сол. Болашақта Украинада АҚШ әскерін жайғастыру. Бірақ, Трамп бұған әлі келіспей отыр екен. Ақ үй баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт, тіпті, шорт кесті.
КЭРОЛАЙН ЛИВИТТ, АҚ ҮЙ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Президент Трамп осы мәселе бойынша өзінің соңғы сөзін айтты. АҚШ әскері ешқашан Украинаға бармайды. Бірақ, біз өзгеше көмектің барлығын Еуропалық одақтастарымызға көрсетеміз. Сонымен қатар, кеше Президент Путин Зеленскиймен тікелей келіссөздер жүргізуге келісімін беріп, уәде етті.
Айдаладағы Аустралия болса, Израильді қарғап әлек. Газа секторына жасап жатқан геноцидін тоқтату керектігін Энтони Альбанезе тағы бір қайталады.
ЭНТОНИ АЛЬБАНЕЗЕ, АУСТРАЛИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Израиль билігіне бүкіл әлем қарсы. Ал мен жеке басым оларды жек көремін. Аустралия халқы да өзінің позициясын ашық жеткізді. Сондықтан, біз бүкіл халықаралық қауымдастық назарын аударудан шаршамаймыз. Израильге тоқтау қойып, өзінің адамзатқа қарсы саясатын доғармайынша, қысым көрсетеміз.
Израиль болса, бүкіл әлемге келіссөз жүргізгісі келетіні туралы мәлімдемелері өтірік болып шықты. Бітімгер рөлін өз мойнына алған Катар өкілдері болса, Израиль бас тартып отырғанын хабарлады. Ал, ХАМАС келіссөз жүргізуге тас-түйін дайын екен.