Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы 30 пайызға арзандайды

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, хабарлайды Astana TV.

Мемлекет басшысының 2029 жылға дейін отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін 50 процентке жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін нақты шаралар қолға алынған. Алдымен препараттарға қойылатын ең жоғары бағаны есептеу тәртібі өзгеріп, артық шығындар алынып тасталады. Мәселен, бір ғана «СҚ-Фармация» сатып алатын ең қымбат 20 дәріден 18 миллиард теңгеге дейін үнемделеді.

Ал тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен МӘМС аясында шекті бағалар 19 процентке, көтерме және бөлшек саудада 30 пайызға дейін арзандайды деп жоспарланып отыр.

Ақмарал Әлназарова сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға ең көп таралған және әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша скринигтер қолжетімді болатынын жеткізді.

Онкологиялық, жүрек қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға арналған скринигтердің жаңа түрлері енгізілуде. Сондай-ақ мидағы қан айналымы бұзылуын ерте анықтау үшін 50 жастан асқан ер азаматтарымызға жаңа скриниг түрі енгізіледі. Әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туған жағдайда тексерулер тегін болады, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.