Мектеп оқушыларын жұмысқа жегіп, заңды аяқасты қылғандар кім?

Оралда мектеп оқушыларын жұмысқа жегіп, заңды аяқасты қылғандар азаяр емес. Олар балалардың құқығын ескере бермейді. Мысалы, Еңбек кодексінде кәмелетке толмағандардың жұмыс уақыты аптасына 36 сағаттан аспауы тиіс. Бірақ күнкөрісі үшін базар жағалаған жеткіншектер мұны елемеуге мәжбүр, дейді кәсіпкерлер.

ӘЛІБЕК ШҮЙІНШӘЛИЕВ, КӘСІПКЕР:

Менің осы саудада жүргенімен бәленбай жыл болды. Бізде балалар жұмыс істейді. Мектепте оқитын балалар жұмыс істейді. Оларды жұмысқа алмайды емес, аламыз. Себебі әкесі жоқ, шешесімен пәтерде тұрып жатқан балалар бар, мысалы. Неге алмайын 15-16 дағы балаларды? Шешесіне көмектеседі. Бәрінің басында кредит, мысалы. Сондықтан оларды аламын. Бірақ енді түнгі 11-ге дейін ұстауы дұрыс емес деп ойлаймын.

Рейд кезінде сақшылар қала базарларын тексеріп, кәсіпкерлерді ескертумен шектелді. Ал қала сыртындағы айналма жолда қауын-қарбыз сатушылардың дені - бала. Сауданың қызығына түскен олар қауіпсіздікті ұмытқан. Табыс табам деп жүргенде тас жолда ағылған көліктің астына түсуі мүмкін, дейді сақшылар.

АЙНАТ ЖӘМИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:

Рейд шараларын жүргізу барысында құқықбұзушылықтар анықталды. Онда кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарының рұқсатынсыз, сенімхатсыз жұмыс істеп жатқан жасөспірімдер анықталды. Оларда жұмысына қатысты құзырлы органдарға және ата-аналарына хабарласып, ескертіп, жолдың жанында сатып жатқаны бәрі ескертілді. Қауіпсіздік шаралары жүргізілді.

Сақшылар бала еңбегін пайдаланған кәсіпкерлердің дерегін мемлекеттік кірістер басқармасына жібереді. Бұдан кейін жасөспірімдерге жалақының төленген-төленбегені тексеріледі. Ал заң бұзған пысықтарға шара қолданылады.