«Менің де балам мектепке барады!»: ерекше балалардың ата-аналарының ерекше мұңы

  • AstanaTV
  • 21 тамыз 2025

Қазақстандық мектептер ерекше балаларды қабылдауға дайын ба?  Биыл баласын алғаш рет мектепке бергелі отырған ата-ана үшін қуаныш пен уайым қатар келетін сияқты.  7 жасқа толған қызы жалпы білім беретін мектепке қабылданды дегенді естіген Айжан Меңдіжасарова «төбесі көкке жеткендей қуанғанын» айтады. Алайда, алдағы күндері мектеп өмірі қалай болмақ деген оймен жүр. Сөзінше, қоғам әлі де дамуында ерекшелігі бар балаларды қабылдауға дайын емес.

АЙЖАН МЕҢДІЖАСАРОВА, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Қызым агрессияшыл емес, бірақ басқаша мінез-құлық көрсетуі мүмкін. өйткені бала үшін бұл үлкен стресс.  Сынып үлкен, бала көп, педагог жалғыз. Бізге тьютор көмектеседі, сонда-да уайымдаймын. Өйткені, оқушылар мұндай балалармен бір партада, бір ортада отырғысы келмейді. Оның үстіне мектеп бағдарламасы ерекше балаларға сай емес.  Бірақ мен осының барлығына іштей дайынмын, әр ата-анаға, әр балаға аутизмнің не екенін, ондай баламен дос болуды түсіндіруден жалықпайтын боламын.

Гүлдана Жанаева баласын бірінші сыныпқа апарарда талай қиындықты бастан кешкенін еске алады. 12 жасқа дейін ұлының құлағы мүлдем естімеген.  Оған қоса «аутизм» диагнозы болғандықтан, бастапқыда арнайы мектептің өзі баланы жаңа оқу жылына қабылдаудан бас тартқан.

ГҮЛДАНА ЖАНАЕВА, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Олар айтты, бізде школа для неслышащих детей, бірақ сіздің балаңызда аутизм бар, біз оны оқыта алмаймыз деді. Каждый раз бізге бірдеңелерге отказ берсе государственный органдар, біз оны тяжело принимаем.

Қазір әр мектепте педагог көмекшісі, яғни тьютор қарастырылған. Алайда, ата-аналар арнайы мамандар әлі де жетіспейтінін айтады. Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар мектеп жасындағы 130 мыңнан аса бала бар десек, оның 86 мыңы жалпы білім беру жағдайында білім алады.

ЛАУРА БҰТАБАЕВА, АРНАЙЫ ЖӘНЕ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУДЫҢ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бала өз бетімен сабақ оқи алмайтын, өздігінен өзін өзі реттеу  қызметі қалыптаспаған жағдайда пмпк қарайда да, бұған педагогикалық сүйемелдеу қажет деп айтады. 86 мың баланың барлығына педассистент қажет деген қате ұғым. Қазіргі таңда 3 жарым мың балаға 3 жарым мың педагогикалық ассистент қызмет көрсетіп жатыр. Көп жағдайда аутизмдік спектрі бар балаларға беріледі. Өйткені ондай балаларда сыныпта отыру қиындығы болғандықтан.

Бұл – қаладағы зердесі бұзылған балаларға білім беретін мемлекеттік арнайы мектеп.  5 жыл бұрын 100 баламен ашылған білім ошағы бүгінде 400 баламен толығып отыр.  Демек, жылдан жылға ерекше білім беруді қажет ететін бала саны артуда. Әуелі білім емес, мұндай балаларды әлеуметтік тұрмысқа бейімдейтін, өздеріне өзі қызмет көрсетуді үйрететін білім ошақтары тапшы.

Күнделікті тұрмыстағы кішігірім өздерінің киімдерін жууға үйретеміз, қолмен жуады біріншіден, 5-6-7 сыныптағылар, ол киімді жаяды кептіреді, одан кейін үтіктейді.

Қазақстанда ерекше балаларға білім беретін 508 ұйым бар, оның 99-ы арнайы мектеп, одан бөлек 230 түзету кабинеттері, 45 арнайы балабақша, оннан аса оңалту мен аутизмі бар балаларға арналған орталық жұмыс істейді. Ал, 19 мың бала денсаулығына байланысты үй жағдайында білім алады. Бірінші сыныпқа диагнозы бар нақты қанша бала баратыны туралы әзірге мәлімет жоқ.