Ақтөбеде апатты үйдің тұрғындары шу шығарды. Баспаналары екі жыл бұрын ресми түрде жарамсыз деп танылған. Әйтсе де, халық әлі тозығы жеткен ғимаратта тұрып жатыр. Тіпті, жақында бір пәтердің төбесі опырылып ортасына түсіпті. Барар жер, басар тауы жоқ бұқара қауіпсіз баспанаға көшіруді сұрайды. Бұл үй 2023 жылы апатты деп танылған.
ГҮЛБАНУ СУХАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Екі жағымдағы көршілерім бәрінің потологы су ағып жатыр. Ойылып түсіп жатыр. Ортасында кететін менмін. Жалғызбасты анамын.
ЕРІК ӘБДІРАХМАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Кішкентай балдарым бар. Қорқамын. Ертең бұл үй құлап қалады ма,тоққа соғылып қалады ма?!Өздеріңіз көріп отырсыз ғой, токтың сеті жоқ, дымы жоқ.
Тұйықталған тоқ сымдары ашық тұр. Сантехникасы шіріген.Тұрғындар өлместің күнін кешуге мәжбүр. Мұнда 120 бөлме бар. Тұрғындардың дені-көпбалалы отбасылар, егде жастағылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Халықтың үй кезегіне тұрып, өз жағдайын өзі жасаудан басқа амалы жоқ. Жауаптылар апатты үйдің биылғы жоспарға енбегенін айтады.
АҚНҰР ҚАЗБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Олардың тұрғындарына біздер кеңес бердік. Осы тұрғын үй қорына мұқтаж ретінде кезекке тұруы қажет. Ол үшін олар ХҚО на барып кезекке тұрады. Енді О.Кошевой бойынша жұмыстар осы жылға жоспарланған жоқ.
Ақтөбеде мұндай 28 көппәтерлі тұрғын үй бар. Биыл тек төртеуі бұзылуы тиіс.