Вэнс: «Енді Украинаның қауіпсіздігіне бізді араластырмаңдар»

Израиль Газа секторын жаулау бойынша жоспарын жүзеге асыра бастады. Резервтегі 60 мың сарбазды билік жаттықтыра бастады. Қазір Газа секторының оңтүстігі әлі де ХАМАС бақылауында. Ол аймақта Израиль әскері сәтсіздікке ұшырап жатыр. Сондықтан, қыркүейктің бірінші жұлдызында қарқынды қақтығыс басталмақ.

ЭФИ ДЕФРИН, ИЗРАИЛЬ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Біз Газа орталығын және оның жан-жағын бақылауда ұстап отырмыз. Қалған аумақта ХАМАС зорлық пен террорлық әрекеттерді тоқтататын түрі жоқ. Бұл операция Газа халқының қауіпсіздігі үшін де жүргізіледі.

Трампқа қудалайтын адам болса болды. Басқасы қызықтырмайды. Халықаралық Қылмыстық Соттың екі судьясына қарсы санкция енгізген. Осылайша, АҚШ Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымына қысым жасауға дейін барды. Оған себеп, ол судьялар Израильдің озбырлық әрекеттері бойынша тергеу жүргізген.

СТЕФАН ДЮЖАРРИК, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Халықаралық Қылмыстық Сот – Біріккен Ұлттар Ұйымының басты құрылымдарының бірі. Олар халықаралық мәселелерде обьективті тергеу жүргізіп келеді. Сондықтан, халықаралық құқық бойынша қарасақ, Президент Трамптың әрекеті заңсыз.

Украина қауіпсіздігіне енді бізді араластырмаңдар. Еуропа өзі шешіп алсын. Бізге дым қажеті жоқ. Трамптың орынбасары осылай деді. Джей Ди Вэнстың айтуынша, АҚШ қаржылай ауыртпалықтың тек 10 пайызын өз мойнына алуға дайын.

ДЖЕЙ ДИ ВЭНС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы соғыс басталғалы Байден бастаған әкімшілік АҚШ бюджетінен жүздеген миллиард долларды ауаға шашты. Егер, Украина үшін Еуропа бізден қару сатып аламыз десе, мархабат. Қалғанында шаруамыз жоқ.

Вэнс пен Трамптың өзіне қарсы Вашингтон тұрғындары көтерілді. Олар тыныш тұрған қала, оның үстіне, АҚШ астанасына әскер кіргізіп, халықты үркітіп отыр, - дейді. Сондықтан, 4000 мың Ұлттық Ұлан сарбазын қаладан шығаруын талап етуде.