«Жұпар жүрек» фильмі қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді

Еліміздегі кинотеатрларда 21–28 тамыз аралығында балалар арасындағы буллинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын арқау еткен «Жұпар жүрек» әлеуметтік фильмі көрсетіледі. Фильм «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы және «Jastar Ruhy» жастар қанатының қолдауымен түсірілген. Көркем туынды балалық шақтағы психологиялық қысымның өмір бойы артынан қалмайтынын көрсетіп,  көрерменге ой салуды көздейді.

АРМАН БОРАНБАЕВ, ПРОДЮСЕР:

Бұл фильмде қазіргі ақпараттық заманның адам санасына қалай әсер ететінін көрсеткіміз келді. Әлеуметтік желілер мен медиадағы негативті контент миды улайтыны анық. Адам оны ішкі дүниесіне сіңіріп, уақыт өте келе көргенін қайталауы мүмкін. Сондықтан фильм арқылы біз ең маңызды орган  жүректі сақтау керектігін айтқымыз келді.

МАКСИМ КОДАРОВ, РЕЖИССЕР:

Үлкен фильм түсіруге он жыл бойы дайындалдым. Осы уақыт ішінде бірнеше қысқаметражды фильм түсіріп, тәжірибе жинадым.  Бұл кино бір ғана емес, бірнеше маңызды тақырыпты қамтиды. Сондықтан көрермен үшін қызықты болады деген сенімдемін. Қазір қоғамда адамгершілік ұмытылып бара жатқандай. Біз жүректің тазалығын ұмытпауымыз керек.