Қазақстан соңғы 20 жылда Қырғызстан экономикасына 1,4 миллиард доллар инвестиция салған

Қазақстан соңғы 20 жылда Қырғызстан экономикасына 1,4 миллиард доллар инвестиция салған. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапары кезінде айтты. Мемлекет басшысы алдымен «Ата бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне зиярат етуге барды. Мұнда Отанына қалтқысыз қызмет еткен қырғыз халқының даңқты перзенттері, сталиндік репрессия құрбандары жерленген. Кешенге «Ата бейіт» атауын жазушы Шыңғыс Айтматов ұсынған. Әрі қарай Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров келіссөз жүргізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл сапар екі ел арасындағы достық қатынастың дамуына тың серпін береді деп сенемін. Шын мәнінде, қазақ пен қырғыз – тілектес, бауырлас елдер. Біздің тарихымыз – тамырлас, салт-дәстүріміз бен таным-түсінігіміз, ұлттық болмысымыз ұқсас.

Қасиетті Алатаудың қос қыраны сияқты қазақ пен қырғыз – ежелден еншісі бір, тағдыры ортақ ағайынды халық. Қиын сәтте бір-біріне демеу, қуанышты күнде тілеулес бола білді. Қазір Қырғызстан – Қазақстанның аймақтағы басты стратегиялық серіктесінің бірі. Екі жақты сауда-саттық көлемі шамамен 2 миллиард долларға жеткен.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Былтыр Одақтастық қатынастарды кеңейту туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін біз Ынтымақтастықтың кешенді жоспарын қабылдаймыз.

«Ұлы Абай «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды» деген». Ақынның осы сөзін мысалған келтірген Қызғызстан Президенті екі елдің қарым-қатынасын жан-жақты нығайтуға дайын екенін жеткізді.

САДЫР ЖАПАРОВ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз, Қырғызстанның сыртқы саясатында ерекше орын алатын бауырлас ел, негізгі сауда серіктестеріміздің бірі.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан басшылары Бірлескен мәлімдемені қабылданды. Ресми делегация мүшелері екіжақты тауар айналымын 2030 жылға қарай 3 миллиард долларға дейін ұлғайту бойынша Жол картасы және басқа да үкіметаралық, ведомствоаралық құжаттармен алмасты. Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровты «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қырғызстанды көркейту жолындағы қажырлы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Салиқалы саясатыңыздың арқасында еліңіз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.

Қазақстан – Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,7 миллиард долларға жетті. Биылғы жарты жылдың көрсеткіштері де жаман емес. Келесі жылы қазақ-қырғыз шекарасында салынып жатқан Индустриялық сауда-логистика кешені іске қосылмақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл саладағы тауар айналымы жалпы сауда-саттықтың 25 пайызына тең. Сондықтан өнім көлемін арттыру, бірлескен кәсіпорындар ашу өте маңызды. Осы орайда қос елдің үкіметтеріне алдағы екі жылға арналған Жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді.

Соңғы жылдары қос тараптың рухани байланысын жандандыру үшін біраз іс-шара атқарылды. Былтыр Астанада Айкөл Манастың ескерткіші аштылды.  Қырғызстан Президентінің Қазақстанға сапары аясында екі елдің жастарын жақындастыра түсетін бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Нәтижесінде Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ош қаласындағы филиалы ашылуда. Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі қырғыз студенттеріне 50 грант бөліп отыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кешеден бері Бішкекте Қазақстанның кино күндері, Үшінші жастар форумы өтіп жатыр. Мұның бәрі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байланысын нығайта түседі. Кездесу барысында туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытуға көңіл бөлінді. Келесі жылы Қырғыз елінде 6-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді.

Бұл сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсері анық. Бүгінгі келісімдер – соның айқын дәлелі. Енді, соларды тиімді жүзеге асыру маңызды.