Енді Қостанай тұрғындары жедел жәрдем көлігінің қай жерде және қашан жететінін қадағалап отырады. Yandex Qazaqstan ұсынған сервис диспетчердің де жұмысын жеңілдетеді. Пилоттық жоба қыркүйек айынан бастап облыс көлемінде жүзеге асады. Бұл туралы Тимур Шәлекенов Qostanai Investment форумында облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мырзамен кездесу барысында баяндады. Игі бастамаға денсаулық сақтау министрлігі мен Қостанай облысы әкімдігі және Yandex Qazaqstan мұрындық болып отыр.
ТИМУР ШӘЛЕКЕНОВ, YANDEX QAZAQSTAN БАСШЫСЫ:
Жедел жәрдем орталығына түскен хабарлама ізімен, әлгі хабарласқан тұрғынға сілтеме жіберіледі. Ең әуелі шұғыл көмекке мұқтаж жандар ескеріледі. Сөйтіп жедел жәрдем шақырған адам Yandex қосымшасы арқылы көліктің қай жерде келе жатқанын көріп отырады. Қашан келетінін, қай жерде екенін білуге мүмкіндік береді. Ең бастысы бұл сервис колл –орталықтар жұмысын жеңілдетеді. Яғни жедел жәрдем көлігін шақырған адам қайта –қайта хабарласпайды. Сілтеме бойынша көлікті күтеді.
Жедел жәрдем шақырылғаннан кейін автоматты түрде картаға сілтеме жасалып, SMS хабарлама жіберіледі. Бұл жүйе Яндекс Картаның JavaScript API арқылы жүзеге асып отыр. Алдағы уақытта жедел жәрдемнің бағытын Яндекс Go қосымшасынан бақылауға мүмкіндік туады. Тың сервис тұрғындарға тиімді, жедел жәрдем қызметіне ерекше серпін берері сөзсіз дейді ақпараттандыру басқармасының өкілдері.
АСХАТ ЕСЕШЕВ, АҚПАРАТТАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫ ЦИФРЛАНДЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Халыққа қызмет ету үшін өте керек жоба деп ойлаймыз. Яндекс компаниясымен бірге алдағы уақытта жасайтын жобаларымыз көп.Соған сенімдіміз. Қазіргі уақытта мысал келтірсек Қостанай қаласының әкімдігімен бірлесіп жасанды интеллект көмекшісі Алисаны колл- центрлермен интеграция жасап, жұмыстар өткізіп жатырмыз.
Форум барысында ұйымдастырылған технологиялық көрмеде Yandex Qazaqstan жобасына қызығушылық танытқандар көп болды. Тың жүйе жедел қызмет жұмысын жеңілдетуге әрі тұрғындармен байланысын жақсартуға бағытталып отыр.Пилоттық жобаның бірінші кезеңі Қостанай қаласының белгілі бір бөлігін қамтиды.Кейін бүкіл шаһар бойынша шақыртуларды қамтамасыз етуді көздейді.