Елімізде автокөліктерге төсеніш шығаратын зауыт ашылды

Алматы облысының Жамбыл ауданында ерекше өндірістік жоба жүзеге асты. Мұнда Қазақстандағы автокөліктерге арналған аксессуарларды шығаратын алғашқы зауыт – QazElastoPlast өз жұмысын бастады. Жаңа кәсіпорынның ашылуы өңір экономикасына тың серпін беріп, елдегі автомобиль өнеркәсібінің дамуына жол ашады.

АҚНИЕТ ТУМАТАЕВ, ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жалпы ауданымызда осы өнеркәсіп саласында қызмет ететін мекемелердің бірі бұл аудандағы салық базасын көбейтуге өз үлесін тигізіп отыр. Өте қуаныштымыз, келешекте зауытымыз одан да көп ассортименттегі автокөліктердің жабдықтарын шығарады деген сенімдеміз.

Іс-шара аясында Hyundai дистрибуциясымен алғашқы оффтэйк келісімшартқа қол қойылды. Зауытта 30 маман жұмыс істейді. Қуаттылығы жылына 300 мыңнан астам жиынтық төсеніш шығаруға жетеді. Бұл- шамамен мың тонна дайын өнім. Өндіріске толықтай экологиялық таза термоэластопласт материалы пайдаланылады. 

АБЫЛАЙ ЖӘКІШОВ, “QAZELASTOPLAST” ЗАУЫТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Біз үшін бүгін маңызды күн. Зауытымыздың ашылуы болып жатыр. Іске кірісетін болсақ күніне 5000 көліктің кілемшелерін дайындап шығарамыз деген жоспарымыз бар. “ASTANA MOTORS” компаниясымен келісімшартқа отырдық. Тігілген төсеніштердің барлығын соларға сататын боламыз.

Жаңадан ашылған зауыт импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақтық индустрияландыруға тың серпін береді. Келешекте зауыт брызговик, подкрылок, резеңке тығыздағыш секілді қосымша бөлшектер шығаруды көздеп отыр.