Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында AWS Community Day Central Asia 2025 атты ауқымды өңірлік шара басталды, хабарлайды Astana TV. Форумға AWS Heroes, Community Builders сарапшылары мен Канада, Германия, Испания, Қазақстан және Өзбекстаннан келген арнайы қонақтар қатысуда. Іс-шара аясында инженерлер, архитектура мамандары, стартап өкілдері, студенттер мен ІТ-сала көшбасшылары бас қосты
Қазақстанда алғаш рет офлайн-форматта ұйымдастырылып отырған бұл шара – Орталық Азияда бұлтты технологияларға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және өңірлік ІТ-қауымдастықтың даму қарқынын көрсетеді.
Форумның ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов сөз сөйлеп, мұндай бастамалардың маңызын атап өтті.
Бүгінгі жастар - технологияны тұтынушы ғана емес, сонымен қатар оны жасайтын ұрпақ. AWS Community Day сияқты шаралар – студенттер, сала мамандары тәжірибе алмасып, Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияның цифрлық болашағын қалыптастыратын маңызды алаң, – деді проректор.
Шараны Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстандағы ресми AWS қауымдастықтарының жетекшілері ұйымдастыруда. Форум барысында қатысушылар нақты жобалар мысалында бұлтты шешімдерді құру тәжірибесін талқылап, цифрлық трансформацияның өзекті мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, DevOps, машиналық оқыту, автоматтандыру және киберқауіпсіздік салаларындағы заманауи әдістермен танысты.
Форумда ерекше қызығушылық тудырған сессиялардың бірі – нақты жобалар архитектурасын талдау және жіберілген қателіктер туралы ашық пікірталастар болды. Практикалық шеберлік- сыныптарда қатысушылар теорияны тәжірибемен ұштастыру мүмкіндігіне ие болды.
Бағдарламаның ең маңызды бөлігі – AWS GameDay атты командалық жарыс болды. Бұл байқауда қатысушылар нақты өмірлік жағдайларға ұқсас инженерлік тапсырмаларды шешіп, командалық жұмыс пен шынайы тәжірибе арқылы білімдерін жетілдірді.
Форум барысында қатысушылар белсенді пікір алмасып, практик мамандардан кеңес алып, жаңа кәсіби байланыстар орнатты. AWS Community Day Central Asia тек білім беру алаңы ғана емес, сонымен қатар жаңа идеялар мен технологиялық серіктестіктер дүниеге келетін орталыққа айналды.
Шара халықаралық және жергілікті ІТ-компаниялардың, жоғары оқу орындарының және техникалық қауымдастықтардың қолдауымен өтуде.