Қазақстанда сауда көлемі 8,6%-ға өсіп, инвестициялар 438 млрд теңгеге жетті. Үкімет отандық өндірушілерді қолдау, экспортты арттыру және әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға жаңа көмек тетіктерін енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында сауда саласын дамыту мен экспорттық әлеуетті арттыруды басты басымдықтардың бірі ретінде атап өткен болатын. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында Үкімет кешенді шараларды қолға алды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында сауда көлемі 8,6%-ға артып, инвестициялар 438 млрд теңгеге жеткен. Бүгінде сауда саласында 800 мыңнан астам бизнес субъектісі жұмыс істеп, 1,5 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ішкі нарықты қорғау және отандық өнімді ілгерілету
Үкімет қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау үшін бірқатар заңнамалық өзгерістер қабылдады. Енді тауардың шыққан елін нақты анықтау тетігі енгізіліп, отандық өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалуда. Сауда сөрелерінде қазақстандық өнімдердің үлесі кемінде 50% болуы көзделген.
Сонымен бірге, сапасыз өнімдердің енуіне тосқауыл қою жұмыстары күшейтілді. Биылдың өзінде 47 мыңнан астам көлік тексеріліп, 600 мың тоннаға жуық мал шаруашылығы өнімі бақылаудан өтті. Оның ішінде 900-ден астам жүк көлігі елге кіргізілмей кері қайтарылған.
Экспортты қолдау және шетелдік нарыққа шығу
Шикізаттық емес экспортты дамыту мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша Экспорттық-кредиттік агенттік құрылды. 2025 жылдың 7 айында ғана 394 млрд теңгеге қаржылай қолдау көрсетіліп, оның 71%-ы шағын және орта бизнеске бағытталған.
Қазақстандық өнімдерді шетелде таныту үшін Қытайдың бірнеше провинциясында, Өзбекстанда арнайы павильондар ашылды. Сондай-ақ, қазақстандық өнімдер Alibaba, JD.com сияқты халықаралық электронды сауда алаңдарында белсенді түрде ілгерілетілуде.
Жаңа әлеуметтік тетіктер
Президент тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тікелей реттеу тоқтатылып, атаулы әлеуметтік көмекке көшу процесі басталды. Қазір пилоттық режимде «Цифрлық азық-түлік ваучері» жобасы іске қосылып, аз қамтылған отбасыларға тауарларды делдалсыз төмен бағада алу мүмкіндігі беріліп отыр.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары жоспарлы түрде орындалып, отандық нарықты қорғау, экспортты арттыру және халықты әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Үкімет қолға алған шаралар Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елдің халықаралық сауда жүйесіне тиімді интеграциялануына жол ашпақ.