Инфрақұрылымға инвестициялау қолжетімді болды: МЖӘ жобаларына қойылатын талаптар төмендеді

Енді 7,8 млрд теңгеден асатын инвестиция құйған кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында инфрақұрылымдық жобаларға қатыса алады

Қазақстанда инфрақұрылым саласына инвестиция тарту рәсімі жеңілдетілді. Бас прокуратураның бастамасы негізінде инвестиция көлемінің ең төменгі шегі екі есе төмендеп, 15,7 млрд теңгеден 7,8 млрд теңгеге дейін қысқартылды.

Бұл өзгеріс 2025 жылғы 23 тамыздан бастап күшіне енді. Құқықтық негіз Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 16 маусымдағы №52 бұйрығында бекітілген.

Бұған дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында тек ірі жобалар ғана жүзеге асырыла алатын. Нәтижесінде әлеуетті инвесторлардың аясы тарылып, өңірлік жобаларға қолдау көрсетуде қиындықтар туындаған еді.

Жаңа түзетулер инфрақұрылым құрылысына қосымша қаржы тартуға, өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға жол ашады.

Ресми ақпаратқа сәйкес, бұл қолдау тетігін пайдалану үшін бизнес өкілдері жобаны іске асыратын облыстың жергілікті атқарушы органдарына жүгінуі тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам инвестициялық климатты жақсартып қана қоймай, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.