Отандық өнерпаз Александр Лим «Новая волна – 2025» халықаралық жас орындаушылар байқауында жеңімпаз атанды, хабарлайды Astana TV.
Ол – осы фестивальде жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық.
Әртіс әлеуметтік желілерде кавер-видеоларымен танымал болды. Әнші орыс, ағылшын, итальян, түрік және басқа тілдерде хит әндерді орындап, видеолары мыңдаған қаралым жинаған.
2018 жылы Александр «I’m a singer Kazakhstan» байқауына қатысып, жартылай финалға жетті. 2021 жылы ол танымал «Голос Украины» шоуына қатысып, Надежда Дорофееваның жетекшілігімен жасырын тыңдалымнан сәтті өтіп, нокаут кезеңіне дейін өнер көрсетті.
Сондай-ақ тағы бір қазақстандық орындаушы Ерназар Жұбан да жүлделі орынға ие болды. Өткен жылы ол Витебск қаласында өткен «Славян базары» халықаралық вокал байқауында бірінші орынды жеңіп алған еді. Әнші «Новая волна» додасында лайықты өнер көрсетіп, үшінші орынға ие болды.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі өнерпаздарды жарқын жетістіктерімен шын жүректен құттықтайды және жас әншілердің кәсіби өсуіне үнемі қолдау көрсетуге дайын. Бұл жеңіс ән өнерінің дамуына сеп болып, еліміздің әлемдік деңгейде өз орнын нығайта түсері сөзсіз.