Көлігінен де, ақшасынан да айырылып қалды

Атырауда “Абырой” автосалонына алданғандар саны күн сайын көбейіп жатыр.  Көлігінен де, ақшасынан да қағылғанын әлеуметтік желіден естіген тұрғындар темір тұлпарын өз бетінше іздеуге көшкен. Сөйтсе, алыпсатарлар оңай олжаны  ел көзінен таса, шалғай ауылдарға жасырып қойып жатқан көрінеді. Бүгін  алданып қалған бір топ тұрғын полиция департаментіне келіп, көмек сұрады.

Ескі көлікті 10 күнде сатып береміз деп арбаған “Абырой” автокөлік салоны қызметкерлері уәдесін орындамай абыройдан жұрдай болды.  Темір тұлпарын сатуға шығарғандарға өздері қоңырау шалып, қыр соңынан қалмай қойған. Сәтті ұсынысқа келіскендер сан соғып қалды.

БЕРІК ЖІГІТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Машинамызды сатуға шығарған кезде Колесоға сол кезде шақырды. Күйеу баламды шақырған машинаңды өткізіп береміз, 10 күн ішінде ақшаңызды аударамыз деген. ”Абырой авто” біреуге берген, ол біреуге сатқан. Одан кейін Автомаркетке кеткен. Автомаркетте тұрған жерінен тағы біреу сатып алған. 3-4 адамнан өткен.

МАЙРА ҚАЛМЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазіргі средний чек 7 млн мен 30 млн аралығында. Машинаны тығып тастап жатыр алыпсатарлар. Алып сатушылар, машиналарды  қашып жатыр, номерерін алып тастап жатыр, есептен шығарып тастап жатыр.  Учеттан шығарса, машинаның кімде екенін біз білмей жатырмыз.

Автосалонға бір емес қос көлігін салғандар бар. Бірі сол қаржыға кәсіп ашуды жоспарласа, енді бірі несиесін жаппақ болған. Темір тұлпар әп-сәтте сатылып кеткенімен, клиентке ақшасын беруге асықпаған.

БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жүзге тарта атыраулықты алдап соққан Абырой автосалонының есігі тарс кілттеулі. Құрылтайшысы мен компания директоры тергеу абақтысына қамалды.

АРСЕН ИМАНӘЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

90-нан астам жәбірленуші тарап бар. Өз көліктерін аталған мекемеге тапсырып, белгіленген келісім-шартқа сай өз ақшаларын ала алмай арыз түсіруде. Сол себепте біз қазір барлық автокөліктерге тыйым салып, қандайда бір сату-сатып алу операцияларына уақытша тоқтам салдық.

Ашылғанына бір жыл ғана болған автосалон иелері  халықтың қанша қаржысын қалтаға басқаны  әзірге белгісіз. Сондай-ақ өзге тұлғалардың қатысы бар-жоғы тексерілуде.