"Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясындағы жоба аяқсыз қалды

  • AstanaTV
  • 25 тамыз 2025

Ақтөбеде ауланы абаттандыру жұмыстары аяқсыз қалды. Мердігер қиыршық тас төгіп, ұшты-күйлі жоғалған.  "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында 4 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Жобаға жауаптылар не дейді? Аймақтағы әріптесім  Жанар Датқызы анықтады.

78 жастағы қала тұрғыны Райхан Стамова көршілерінің аманатын арқалап жүр. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 50 дауыс жинаған. Ауланы абаттандыру жұмысы былтыр жазда басталыпты. Асфальт төселіп, жарықтандырылу керек еді. Алайда, мердігер аулаға қиыршық тас төсеп, зым-зия болыпты.

РАЙХАН СТАМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Келді, тазартты, булыжник салды, ана үш жерге свет деп жаңағы яма жасады. Оны асфальттады и аллаху-акбәр!

Қарияның қолында қазір бір бума қағаз жүр. Жоба аяқсыз қалғаннан кейін Алматы ауданы әкімдігіне бірнеше рет хабарласып, тіпті, арыз да жазған. Бүгінге дейін нақты жауап ала алмай әлек.

РАЙХАН СТАМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мына подрядчик айтады: акимат бізге ақша перечисление берген жоқ, дейді. Сосын мен жкх-ға звондадым. «Біз ақшаны перечисление еттік, өздері жеп қойды, қайда жібергенін білмейміз», дейді.

Ауланы абаттандыруды былтыр "Алау құрылыс 04" серіктестігі қолға алған. Алайда жұмыстың басы бар да аяғы жоқ. Кейін келісім бұзылған. Бұған жұмыстың уақытылы атқарылмауы себеп. Жобаның жалпы құны - 4 480 000 теңге. Жергілікті әкімшілік сот арқылы қаражатты қайтарып алыпты.

ЖӘДІГЕР БАЛТАБАЙ, «АЛМАТЫ» АУДАНЫ ӘКІМДІГІ ТКШ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Басталған жобаны аяқтау мақсатында ағымдағы жылы аталған мекенжай бойынша сметалық құжаттама дайындалуда. Соған сәйкес тиісті қаражат бөлінген жағдайда аталған жобаны аяқтау жоспарланып отыр.

Ломоносов көшесіндегі №11 үйдің ауласын абаттандыру бойынша қазір сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Шендінің сөзінше, құжат дайын болған соң бюджет есебінен қаражат сұралмақ. Жұмыс келер жылға қалып, ауыспалы жобаға айналуы мүмкін. Ал, 8 пәтерлі үйде  қарттар мен мүгедектер тұрып жатыр. Олардың күтуден басқа амалы жоқ.