"Ата-әжесінің тәрбиесіндегі бала ренішпен өседі" - психолог

Ата-әжесінің қолында өскен баланың  тілі ерте шығып, логопедтердің табалдырығын тоздырып қиналмайды. Этнограф Сымбат Ахметова осылай дейді. Сөзінше, дәстүрлі ән мен ертегі тыңдап өскен бүлдіршіндердің сөздік қоры жетік, психикалық дамуы тұрақты болады. Ал психолог мамандардың өз уәжі бар. Ата-әже тәрбиесіндегі балада өз әке-шешесіне деген реніш туындауы бек мүмкін екенін айтады. Арнамыздың тілшілері тараптарды тыңдап, мәселеге жан-жақты қарады. 

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Қарашы, кішкентай сәбиді бағып жүр, өзі де әлі бала ғой. Ата-анасы қалай сеніп тапсырады екен?

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

- Несі бар? Әке-шешеміздің уақыты болмағанда, біз де талай бауырларымызды бақтық қой. Тіпті болмаса ата-әжемізге қалдырып кететін.

- Менің ойымша, бала тәрбиесіне ең әуелі әкесі мен анасы жауапты. Әлі оң-солын танымаған жеткіншекті жастайынан аға-әпкелерінің немесе ата-әжесінің қарамағына беріп қою дұрыс емес.

- Иә, бірақ ата-әженің тәрбиесін алған бала ертегіге қанып өскендіктен, салт-дәстүрімізге жақын, рухани бай болып өсетін сияқты.

- Бұл өте өзекті мәселе, ақиқатына жету үшін, өзгелерден сұрап, тараптарды түгендеп көрейік.

БЛИЦ:

- Баланы үйдің үлкеніне ортаншысына тастау деген болмау керек деп ойлаймын. Уланып қалу, тоққа түсіп қалу деген проблемалар бар.

- Әжелерді де түсінбеймін біздің қолымызға беріңдер, біз атын қоямыз деген нәрсені, ешкімнің ешқандай құқығы жоқ деп ойлаймын.

Дейтұрғанмен, кей тұрғындар тұңғыштардың немесе ата-әжелердің көмектесіп, балаға қарайласуына қарсы емес сияқты.

БЛИЦ:

- Ата-әжесінің қолында өскен бала, тіпті, жақсы болады.

- Мен өзім үйдің үлкенімін. Бауырларыма қарап өстім. Оларды ойнатасың. Сол арқылы өзіңді тәрбиелейсің.

 МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Психологтардың айтуынша, тұңғыштарға кіші бауырларын қаратып қою оны өзінің балалық шағынан айырумен тең. Әлі ер жетіп үлгермеген жасөспірімнің иығына ауыр жүк түсіп, ерте есеюге мәжбүр болады. Ал ата-әжесінің қолында өскен балада өз әке-шешесіне реніш туындауы мүмкін. Өзін тастанды санап, қажетсіз сезінеді.

ДАНА ТОҚТАСЫНОВА, ПСИХОЛОГ:

Ертең ересек өмірге аттанған кезде, бала тәрбиесіне немесе отбасын құру кезінде "бала деген ол ауыр жүк, өзімнің қажеттілігімді итеріп қойып, біреудің қажеттілігін бірінші орынға қою керек" деген ниетпен өседі. Әр бала өз жасында ойнап та, күліп те үлгеру керек.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Этнограф маман бұдан еш әбестік көрмейді. Тіпті, ұлы тұлғаларымызды еске алайықшы. Абайдың өзі әжесі Зеренің өсиетін тыңдап өсті. Ал Шоқан Уәлиханов Айғаным Ханымнан өнеге алды. Ата-әже – ұрпақ сабақтастығының тірегі. Қазақ баласы ең алдымен үлкенге қарап бой түзеген.

СЫМБАТ АХМЕТОВА, ЭТНОГРАФ:

Қазіргі балалардың қолында смартфон. Содан ба деп ойлаймын, қазір балалардың тілдері кеш шығып жатыр. Ал әжелері отырып алып ертегі айтады. Содан кейін ескі бір қазақтың әндерін айтып отырады. Сол құлағымызға сіңіп, жатталып қалған. Содан кейін мектепке барғанда таңдайы тақылдап тұрады. Сөзден қиналған, логопедке барған дегенді біз естіген емеспіз.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Назерке, мен психолог маманмен тілдестім. Сөзінше, бүлдіршіндердің бақытты махаббат пен қамқорлыққа толы балалық шағын тек әке-шешесі қамтамасыз етеді.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Ал этнограф болса, тектілік пен ұлттық тәрбиені тек үлкендер бере алады дейді.

МӨЛДІР:

Кімдікі дұрыс? Кімге сенеміз?

НАЗЕРКЕ:

Аналар кенесінің өкілінен сұрап көру керек сияқты.

АЙША ҚҰРМАНҒАЛИ, ҚХА АНАЛАР КЕНЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Әже «әже» статусында, бауырлары «бауыр» статусында болуы керек. Бала-ойыншық емес. Ол ертеңіміз. Оның барлық болмысы дұрыс қалыптасуы үшін бәріміз сол жауапкершілікті сезініп, әркім өз орнын білу керек. Әрине, бауырларды да қарау керек. Бірақ оның бүкіл күтімін мойнына алу емес. Барлық жауапкершілікті ата-әжеге, бауырларға артып қоюға болмайды.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Назерке, екеуміз бағанадан бері біраз пікір таластырдық. Мәселені жан-жақсы зерттеген сияқтымыз. Шынымен де, саналы ұрпақ тәрбиелеп шығару үшін әке-шеше, ата-әже, тіпті, баланың аға-әпкелерінің де атсалысуы маңызды. Тек әркім өз рөлін атқарса болғаны.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Дұрыс айтасың, Мөлдір. Бастысы, әр бала махаббат пен жылулыққа қанып өссе екен.