Әлемде 10 жылдың ішінде 650 миллионға жуық кішкентай қыз зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Бұл – әрбір бесінші бала осындай жауыздыққа душар болады деген сөз. Біздің елдегі жағдай да мәз емес. Былтыр 900-ден аса оқушы сексуалды сипаттағы қылмыстан зардап шеккен. Мәселенің ушыққаны сонша, желіде жұрт тығырықтан шығудың сан түрін іздеп, әлек болып жатыр. Не істемек керек? Қауіпсіз ортаны қалай құрамыз? Әріптесім Аружан Задабек «Өзекті» айдарында осыған жауап іздеді.
Қайырлы кеш, көрермен! Өзекті тақырыптармен қайта оралдым. Экраннан алыс кетпеңіз!
Әріптестерім әзірлеген жанағы сюжетте «бала тәрбиесіне кім жауапты?» деген сауал жан-жақсы сараланды. Әркім іштей өзіне керек жауапты алып, шешім шығарған болар. Расымен, бізде бүлдіршінге қатысты қандай тақырып болмасын өзекті.
Бала тәрбиесі қамыр илеуге ұқсайды. Қамыр илеген кезде ұн, су, тұз, ашытқы сияқты түрлі заттарды дұрыс мөлшерде қосып, сабырмен дайындау маңызды. Егер асықсаң немесе бір нәрсені артық-кем қоссақ, қамыр дұрыс көтерілмейді, нан да дәмсіз болады.
Дәл сол сияқты, перзентіңе махаббат, мейірім, талап пен тәртіпті теңдей бөлмесең бармақ тістеуің мүмкін. Ол да қамыр секілді – бастапқыда жұмсақ, иілуге дайын. Егер қатты бассаң – жарылады, мүлде қол тигізбесең – ашымайды.
Қамырдың иленіп, көтерілуі үшін уақыт қажет болса, баланың өсіп, адам болып қалыптасуы үшін де уақыт пен төзім керек. Тәрбие де – өнер, қамыр илеу сияқты – шеберлікпен, жүрекпен жасалатын іс.
Жеткіншек жетілемін дегенше талай таяқ жеп, талай тік тұрады. Ата-ананың осы мезетте дұрыс жол сілтеуі аса маңызды. Соңғы кезде жасөспірімдерге қатысты қылмыс көбейді. Ал, оған кім жауапты?
БЛИЦ:
- Өлім жазасы берілсін. Тірі жүруге хақысы жоқ.
- Жүрек қан жылайды ғой. Ұл-қыз өсіріп отырмыз, қорқамыз. Мықты зөаң қабылдаңыздаршы.
- Қаңғыбас иттерді қорғағанша, бүлдіршіндерді қорғасы ғой.
«Балаға мұғалім жауапты» деген пікірді де естідік.
Мынау - бір ғана пән мұғалімінің күнделікті қағазбасты тіршілігі. Журнал толтыру, есеп беру, жоспар құру, электронды жүйеге дерек енгізу... тағысын тағы...
Сабаққа дайындалу, оқушыға жеке тәсіл қолдану былай тұрсын – тыныс алатын уақыт та қалмады.
Мұғалім – тек білім беруші емес, психолог, тәрбиеші, кеңесші, әкімші, тіпті кейде әлеуметтік қызметкер.
Бір оқушы сабақтан тыс бірнарсені бүлдірсе, оған да ұстаз жауапты. Ол үшін кешірім сұрайтын да сол. Керек болса жұмыстан шығатын да сол. Жақында тамыз конференциясы өтті.
Сонда Президент «Балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін де мұғалімді жазалау орынсыз деп санаймын. Мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес» деді. Сіз бұл шешіммен келісесіз бе?
БЛИЦ:
- Мектепте болған жағдайға мұғалім жауапты болады. Себебі мектепке ата-ананы кіргізбейді де ғой. Мектепте не болғанын ата-ана қайдан біледі? Қызық екенсіңдер.
- Осы адамдарды түсінбеймін. Баланы мұғалім үшін туа ма? Баланың тәрбиесіне тікелей ата-ана жауапты емес пе? Мұғалім тәрбиеге неге жауап беруі керек?
Бұл - Намибиялық мұғалім Гелда Уотербур. Оның сабақ барысында түсірген видеосы әлеуметтік желіде тарап, жұрттың ықыласына бөленді. Ұстаз балаларға жеке шекараны, өзінің денесін өзгеге ұстатуға болмайтынын әнмен түсіндіріп жатыр.
Былтыр Қазақстанда 900-ден астам бала сексуалды сипаттағы қылмыстан зардап шеккен. Зорлық-зомбылықтың ең жоғары деңгей Түркістан облысында – 70%, содан кейін Ұлытау – 54%, Ақтөбе – 51%, Алматы – 50%, Батыс Қазақстан облысына – 48%, ал ең төменгі көрсеткіш Астана қаласында – 13. Бұл – ЮНИСЕФ-тің дерегі.
Жоғарыда көрсеткен видео - осындай жағдайды азайту үшін жасалып жатқан істің бірі. Мұны Үкімет не болмаса министрлік арнайы бекіткен жоқ. Желідегі қарапайым азаматтардың өздерінше жасап жатқан әрекеті.
БЛИЦ:
- Балабақшадағы балалар мен бастауыш сыныпқа үйрету керек. Өте пайдалы.
- Балаларға түсіндіру керек осылай. Өте орынды шыққан.
Құрметті көрермен, бүгінге осы. Келесі кездескенше!