Ақтөбеде медицина саласы бойынша грант иегерлері анықталды

Ақтөбеде өңірге қажетті медицина мамандарын даярлауға бөлінген білім беру гранттарының иегерлері анықталды, деп хабарлайды Astana TV.

«Бакалавриат» және «Резидентура» бағыты бойынша өңірге қажетті мамандарды даярлауға арналған гранттардың иегерлері анықталды. Барлығы 87 өтініш қабылданған, деп хабарлайды Ақтөбе облысының әкімдігі.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен жергілікті бюджеттен бөлінетін гранттардың иегерлерін анықтау бойынша комиссия отырысы өтті. Комиссия мүшелері құжаттарды қарай келе, төмендегідей шешім шығарды.

- «Бакалавриат» бағыты бойынша бөлінген 5 орынға - 41 өтініш түскен: медицина мамандығына - 22; педиатрия мамандығына - 11; стоматология мамандығына - 8 талапкер құжат тапсырған. «Педиатрия» мамандығы бойынша 2 үміткердің арасында бірдей конкурстық балл көрсеткіші тіркелді. Яғни екеуінің де жинаған балы - 98, екеуі де үздік аттестатқа ие, сондай-ақ қалалық, облыстық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары. Әділдік және тең мүмкіндік қағидаттарын сақтау мақсатында екі абитуриентке де жергілікті атқарушы органның грантын тағайындау туралы шешім қабылданды, - делінген хабарламада.

«Резидентура» бағыты бойынша бөлінген 45 орынға 46 өтініш қабылданды. 18 мамандыққа талапкерлер құжат тапсырса, көрсетілген 9 мамандыққа үміткерлер өтініш білдірмеген. Сондықтан, бос грант орындары қайта бөлінді. Атап айтқанда, акушерия және гинекологияға (ересектер, балалар) 2 орын, офтальмологияға (ересектер, балалар) 3, радиологияға 4, физикалық медицина және реабилитацияға 3, эндокринологияға (ересектер, балалар) 1, аллергология және иммунологияға (ересектер, балалар) 1, психиатрияға (ересектер, балалар) 1 орын.

 Жергілікті грантқа үміткерлерден құжат қабылдау Марат Оспанов атындағы медицина университетінің базасында жүргізілген еді.