Азаматтық некедегі әйелімен ұрысып қалған ер адам өзін өртеп жіберді. Куәгерлердің айтуынша, ол өзге қаладағы жұбайына пойызбен бармақ болған. Бірақ үлгермей, билеті күйіп кетіпті. Содан соң, азамат Алматы әуежайының кассасына келіп қызметкерден біреуге хабарласып алу үшін ұялы телефон сұраған. Бейнежазбадағы кадрларға сәйкес, ер адам телефон арқылы әйелімен сөзге келіп, артынша жанғыш сұйықтықты үстіне шашып, кассада тұрған қызметкерді сыртқа шығарып жіберген. Одан соң ол полицейлермен жанжалдасып, артынша бірден отқа оранған. Абырой болғанда, тәртіп сақшылары мен әуежайдың қауіпсіздік қызметі дер кезінде өртті сөндірген. Бірақ соның өзінде азаматтың жағдайы мүшкіл.
НҰРЖАН БИҚОҢЫРОВ, №4 АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Науқас жедел жәрдем бригадасымен №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Жансақтау бөліміне жатқызылды. Науқастың жағдайы өте ауыр. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамасына сәйкес толық көлемде ем қабылдап жатыр.