«Әділдік жоқ». Білім саласындағы былықты айтқан ата-аналар осылай деп арнамызға хабарласты. Елордада талапкерлер емтихан тапсырып, жоғары балл жинаса да, мемлекеттік грантқа іліге алмаған. Ал керісінше, төмен ұпай алған оқушылар колледж студенті атаныпты. «Балаларымыздың болашағына балта шапты» деген 50-ге жуық тұрғын қабылдау науқанында шу шығарды. Мұндай жағдайға не себеп болды? Басшылар қалай ақталды? Әділдік іздеген тұрғындармен тілшіміз Аружан Задабек тілдесті.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Елдің түкпір-түкпірінен арман қуып Астанаға келген жасөспірімдердің өмірдің жаңа парағы ашылмай жатып сағы сынды. Жоғары балл алдым деп қуанған жеткіншектер өздерінің емес, өздерінен төмен балл алған балалардың оқуға түскенін көріп алай-дүлей. Ал, мынау – жолы болған талапкерлердің тізімі. Қызығы, онда кімнің қандай ұпаймен оқуға түскені жазылмаған.
Бұл – Астанадағы жоғары медициналық колледж. Ақ халатты абзал жандарды дайындаймыз деген білім ордасы бұл жолы даудың астында қалды. Мұнда мемлекеттік грант 98 балл жинаған талапкерге емес, небәрі 14 ұпай иеленген жасөспірімге берілген. Емтиханға келмей-ақ алмасы пісіп, аузына түскен болашақ студенттер де бар. Ал олардың жанында әр балын еңбекпен иеленген оқушылар тасада қалған. Бұл, нағыз «аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесіннің» сиқы дейді ата-аналар.
ЛЕЙЛА ЖҰМАЛИЕВА, АТА-АНА:
Мен уверенно келдім, қызым грантқа түсті деп. Келген кезде списокта жоқ. Ең төмен 14 балл алған балалар грантқа түсіп отыр. Неліктен? Директорға келіп айттық. Бізді қабылдаған да жоқ.
Елде колледже түсудің өзіндік талабы бар. Сол сияқты грант бөлу кезінде де басымдық берілетін талапкерлер болады. Мұндай әділетсіздіктің артында осы мәселе тұрған шығар дейін десең, квотасы барлардың өзі жоғары балл жинай тұра мемлекеттік грантқа іліне алмаған.
РАБИБА ЖҮНІСОВА, АТА-АНА:
Әділдік қайда? Менің немерем 77 балл жинап, грантқа түсе алмады. Жартылай жетім. Квотасы бола тұра есепке алынбаған. Балам дәрігер боламын деп армандап еді. Мынаны естіп, сағы сынды. Оқуға құштарлығын жойды.
«Әділетсіз жерде береке жоқ» дейді халық. Баласының болашағына алаңдаған ата-ана дәл бүгін сол берекенің бұзылғанына куә болды. Ашынып, ақтарылып жатқаны да содан. Сонымен, даудың басында не жатыр деген сауалды колледж директорына қойдық. Басшы бұл мәселеге біздің түк қатысымыз жоқ деп басын ала қашты. Мұның барлығына кінәлі – жай ғана «электронды жүйе» дейді.
САТТАР АБДУҒҰЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ «МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ» МКҚК ДИРЕКТОРЫ:
Информационный система бар. Ол білім басқармасына қарайды. Сол информационный система ранжирование жасайды. Информационный системада ақаулықтар ма, біз де түсінбей жатырмыз. Оларға да звондап, хабарласып жатырмыз. Мәселелер болып жатыр деп айтып жатырмызз. Тез арада шешуге көмектесіңіздер деп хабарластық.
Қиянат қылған құзға жығылатынын басшы да ұққандай болды. Барлығын қайта тексеріп, екі күннің ішінде жаңа грант тізімін жариялаймыз деп уәде берді. Бірақ бұл пікірмен де келіспей, қарсы шыққан тұрғындар да болды. Олар – ескі тізім бойынша грант жеңіп алған талапкерлердің ата-аналары.
Сонымен, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтін бір шешім қабылдадық деді директор. Соңында грант тізім толық өзгермейтін болды. Тек ең төмен балл жинап, ақысыз оқуға түскен 29 баланың дерегі қайта өңделеді. Бірақ әлі де таразы басының тең тартыларына күдік бар. Өйткені колледж қызметкерлері нақты шешім тағы қаралады десе де өзге талапкерлердің құжатын қабылдауды бастап кеткен. Ал, бұл орын санын шектейді. Демек даулап жүрген жандардың перзенттері әділдік іздеп жүргенде далада қалуы мүмкін.