Қазақстанға бір жылда миллиондаған хакерлік шабуыл жасалды

Жылына Қазақстанға миллиондаған хакерлік шабуыл жасалады. Оның ішінде мемлекеттік органдар мен ірі компанияларға күніне мыңдаған хакерлер қауіп төндіреді. Бұл статистиканы отандық кибер-сарапшылар жариялап отыр. Осыған дейін шабуылдарды жекелей тойтарып отырған мамандар, бастарын қосып, ортақ портал ашты. Қазірден бастап, хакерлерге қарсы күрестің қарапайым ережелерін көпшілікке түсіндіре бастады. Айтуларынша, кей жағдайларда бір адамның немқұрайлығы еліміз үшін аса маңызды инфрақұрылымдық нысанды соққы астында қалдыруы мүмкін.

ДӘУРЕН САЛИПОВ, КИБЕР-САРАПШЫ:

Біз отандық құзырлы органдар мен Ұлттық компанияларға күрделі қорғаныс жүйелерін құрамыз. Бірақ, қазір хакерлер қарапайым қызметшінің жұмыс поштасына кіріп-ақ, бүкіл жүйені істен шығаруы мүмкін. Осы жайтты барлығына ескертіп отырмыз. Себебі, адамдар жұмыс компьютері арқылы өзге операцияларды жүргізсе, оның барлығы кибер-қарақшылардың қолына түсуі ғажап емес. Біз ең озық қорғаныс жүйесін жасай аламыз, бірақ, әр адам жауапкершілікпен қарамаса, одан да пайда болмауы мүмкін.