«Silk Way Star» мегажобасының екінші маусымы Қытайда түсіріледі. Бұл туралы CMG медиакорпорациясының өкілдері айтты. 12 мемлекет қатысып жатқан байқаудың алғашқы маусымы Астанада бастау алды. Шоу Аспан асты елінің ССТV-3 отбасылық ойын-сауық телеарнасында да көрсетіледі. Өнерпаздар халықтарға тән дәстүр мен музыкалық стильдердің ерекшелігін паш етеді. Қазылар алқасының құрамында танымал әртістер, композитор, продюсерлер және медиатұлғалар бар. Осылайша бұл сайыс таланттарды біріктіретін Азияның жаңа мәдени брендіне айналмақ.
ВАН МИН, CMG КӨРКЕМ-БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің компания үшін Қазақстанмен бірлесе отырып осындай ауқымды вокалдық шоу ұйымдастыру үлкен мәртебе. Бұл тек шығармашылық жоба ғана емес, екі ел арасындағы мәдени байланыстың нығаюына үлкен үлес қосатын маңызды қадам. Біз бұл бастаманы Азия елдерін біріктіретін, мәдениеттер тоғысын паш ететін платформа ретінде қарастырамыз.