Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» жобасы іске қосылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың зияткер ұлт қалыптастыру бағытындағы бастамаларын қолдау аясында «AMANAT» партиясы елімізде ауқымды «Кітап оқитын ұлт» жобасын іске қосты, деп хабарлайды Astana TV.  Жобаның мақсаты – Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына енгізу.
 
Бұл бастама Мемлекет басшысының Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында айтқан:
«Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген үндеуінен туындады.
 

Жаңа жоба Қарағанды, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында пилоттық режимде басталады. Алғашқы кезеңде 100 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр. Қатысушылар – мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, отбасылар мен мемлекеттік қызметкерлер – арнайы аталымдар бойынша бақ сынайды:
  • «Кітап оқитын мектеп»
  • «Кітап оқитын колледж»
  • «К
ітап оқитын университет»
  • «Кітап оқитын педагог»
  • «Кітап оқитын әулет»
  • «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер»
 
 
Қатысушылар 15 кітаптан тұратын арнайы тізімді оқуы тиіс. Бұл шығармалар «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы нәтижесінде іріктелген. Тізімде Абайдың қара сөздері, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы сынды классикалық туындылар бар.
 
 Жоба жеңімпаздары әр аталым бойынша
қомақты қаржылай сыйлықтарға ие болады.
 
 
Бұған дейін партияның бастамасымен іске қосылған «Кітап-AMANAT» жобасы аясында еліміз бойынша 24 кітап орталығы ашылған. Сонымен қатар жаңадан қабылданған Салық кодексінде отандық баспагерлерге қосымша құн салығы (ҚҚС) алынып тасталды, ал кітапхана қызметкерлерінің жалақысын көтеру мен кітапханаларды жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
 
 «AMANAT» партиясы отандық әдебиет пен кітап оқуды насихаттауды жалғастыра отырып, биылдан бастап «Ұлы дала» шығармашылық байқауын да тұрақты түрде өткізуде.
 
 
Жобаның толық ауқымда жүзеге асырылуы 2026 жылға жоспарланған.
 
 Кітап – тек білім емес, ол – қоғам дамуының кілті.
 
Партия бұл бастама арқылы қазақстандықтарды күн сайын кітап оқуға, жаңа идеялар мен бастамаларға шабыттандыруды мақсат етеді.