Кітап оқып қомақты қаржыға ие бол! «AMANAT» партиясы «Кітап оқитын ұлт» жаңа жобасын бастады. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың зияткер ұлт қалыптастыру бойынша ауқымды реформасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған. Расымен, мықты мемлекеттің тұтқасын білімді азаматтар ұстайды десек, Мемлекет басшысының бұл бастамасына қолдау білдіру аса маңызды. Жалпы, маңызды міндетті жүзеге асыру үшін партия бұдан бөлек бірнеше жобаны жүзеге асырып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке кіріскен алғашқы күндерден бастап зияткер ұлт қалыптастыру бағытындағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Әр жиында осы мәселеге ерекше тоқталып, маңызды жобалардың қажет екенін шегелеп отырды. Атыраудағы Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» дегені есте. «AMANAT» партиясы бұл құлаққағысты бірден іліп алып, іске кірісті. Нәтижесінде ауқымды шаралар қолға алынып, ел игілігін көре бастады. Сөзімізге дәлел - Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың әлеуметтік желіге жариялаған жазбасы.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Әр кітап – жәй ғана тарих емес, ол жаңа білім, бастамалар мен тың ойларға жасалған қадам. Біз «Кітап оқитын ұлт» байқауы арқылы қазақстандықтарды күн сайын кітап оқып, шабыттанып өсуіне, алға жылжуына жол ашқымыз келеді.
Кітап оқу – біздің қоғамымызды бәсекеге қабілетті әрі мықты етуге, ал мемлекетімізді – дамыту жолындағы алтын кілтіміз.
Партия бастамасымен жаңадан қабылданған «Салық кодексінде» отандық баспагерлер үшін қосымша құн салығы алынып тасталды. Білімге қосылған үлес бұл ғана емес. Кітапхана қызметкерлерінің жалақысын көтеру, кітапханаларды жаңғырту жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
ЖАНАР СӘБЕШҚЫЗЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:
Соңғы бес жылда кітапханашылардың жалақысы жыл сайын 20пайызға өсіп жатыр. Бұл да біздің кітапханашыларға жасалған өте үлкен көмегі. Себебі, жастар бұл мамандықты таңдай бермейтін. Сондықтан осы кітапханаға бөлініп жатқан көңілдің арқасында қазір жастардың кітапханашы болып келуге құлшынысы, ынтасы артқан.
Бастамалар легі осымен бітпейді. Партия іс-шаралар ауқымын кеңейту үшін «Кітап оқитын ұлт» жаңа жобасын бастап жатыр. Оның мақсаты – Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он мемлекеттің қатарына енгізу. Жоба алғашқы кезеңде Қарағанды, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында пилоттық режимде іске қосылады.Соның аясында мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер мен отбасылық әулеттер, мемлекеттік қызметшілер «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» аталымдары бойынша жарысады.
СЕРІКЗАТ ДҮЙСЕНҒАЗЫ, Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ:
Кітап оқитын бала ешқашан жаман болмайды. Ол біреуге қиянат жасамайды, ол ұрлық істемейді, отанына опасыздық жасамайды. Ондай жастарды көбірек тәрбиелеу үшін, мемлекеттігіміздің іргесін нығайту үшін "AMANAT" партиясының жасап отырған жобасы соған бір қолдау деп білем. Сондықтан бұл жобаларды жалғастыра беруіміз керек.
Жобаға қатысушылар жауапты министрліктер мен түрлі сала сарапшыларының қатысуымен іріктелген 15 кітапты оқуы тиіс. Мысалы, 6–10 сынып оқушылары үшін әр сыныпқа бөлек 15 кітаптан, жалпы 75 кітап ұсынылды. Бұл тізімге «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасында іріктелген 100 шығарманың 43-і енді. Жалпы жобада қазақ тілінен 150, орыс тілінен 150 кітап бар. Партия байқауының жеңімпаздары әр аталым бойынша қомақты қаржылай сыйлыққа ие болады.Пилоттық жоба аясында үш аймақта 100 мыңнан аса адамды қамту жоспарланып отыр. Келер жылы жоба еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылады.