Павлодар облысының Мыңкөл ауылындағы медпункт құрылысы бітер емес

Павлодар облысының Мыңкөл ауылындағы медпункт құрылысы бітер емес. Жоспар бойынша былтыр қолданысқа берілуі керек болатын. Алайда, мердігер құрылысты жарым жартылай ғана салып, тастап кеткен. Жауапсыз мердігер лицензиясынан айырылды. Ал нысанды толық салып шығу үшін тағы да конкурс жарияланбақ.  Мәселе «AMANAT» партиясы партиялық бақылау комитетінің көшпелі отырысында көтерілді. Өндірісті өлкеде партияның сайлауалды бағдарламалары толық орындалмаған.  7 нысан әлі күнге дейін  қолданысқа берілмей тұр.

ПАВЕЛ КАЗАНЦЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұндай өзекті мәселелерді үнемі бақылауда ұстап отыру керек. Бастысы жергілікті органдар мен депутаттар бірлесе жұмыс жасауы тиіс. Бірақ, біз ондай жұмысты көре алмадық. Сол себепті бұндай ат үсті жұмысқа бей-жай қарай алмаймыз. Біз сайлаушыларымыздың алдында берген уәдемізге адал болғымыз келеді.

Ал Екібастұз қаласының Солнечный кентінде салынуы тиіс өрт сөндіру бекеті салынбақ түгілі қазығы да қағылмаған. Мемлекеттік органдардың немқұрайлы жұмысының нәтижесінде әлеуметтік нысандар уақытынан кешіккен. Комитет отырысында осы және басқа күрделі түйткілдер айтылды.  Партияның сайлауалды бағдарламасының 22 проценті орындалмаған.  Жиын барысында  осы іске жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту жайы да сөз болды.

АРМАН ЕВНИЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ:

Әр жұмыстың өз кестесі болуы керек. Әр жұмыс бүгін не істелінеді, бүрсігүні не істелінеді оның бәрі жоспарлануы керек. Және сол жоспар бақылауға алынуы керек. Ол жерде тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, мәслихат депутаттары «AMANAT» партиясының фракциясынан,  мониторинг жасап, өздері ат салысып көмектесуі керек. Соны біз партия мүшелеріне талап қойып жатырмыз.