Қарағандылық кеншілер әулетінің еңбек жолдарының алды 4 ғасырға, арты 50 жылға жеткен. Бабадан немере, шөбереге берілген қажымас қайрат бүгінде жүздеген отбасының абыройын асқақтатып отыр. Олар үшін шахтер мамандығы ауыр, әрі қауіпті болса да ең құрметті саналады. Ерлік пен еңбектің көрінісі келесі материалда.
Сырымбет Көкішев сонау 80 жылдары ауылдан қалаға арман қуып келген жастардың бірі болатын. Шахтер болам деп ойламаған. Алайда мәртебесі жоғары тау-кен саласына назары ауып, бұрыңғы Киров шахтасына жұмысқа кіреді. Осылайша 40 жыл бойы лавада қара алтын қазып келеді. Қауіпті екенін білсе де аман шығатынына сенеді. Тіпті жер астына алғаш түскенде де қорықпадым,- дейді.
СЫРЫМБЕТ КӨКІШЕВ, КЕНШІ:
Ауылдан келген жігітпін ғой. Қара жұмысқа үйренген. Жас кезде оны ойламайсың ондайды. Менің екі ер балам бар, үлкен балам кіші балам екеуі де шахтада істейді. Жоғары білімі бар. Екеуі де учаске басшысының орынбасары.
Әке жолын жалғаған Фархат пен Дәулет «Саран» шахтасына алғашында қарапайым жұмысшы болып орналасқан. Қысқа мерзімде басшылық қызметке ауысты. Тікелей көмір өндіретін учаскеде жұмыс істейтін кіші ұлы Дәулеттің айтуынша, шахтер- бұл нағыз ер азаматтарға лайық мамандық. Ол батылдықты қажет етеді.
ДӘУЛЕТ КӨКІШЕВ, КЕНШІ:
Жердің астына түскенде шахтер сенімді, күшті болуы керек. Және техника қауіпсіздігін сақтауы керек.
Көкішевтер отбасы осылайша жарты ғасыр бойы тау- кен саласында жүрсе, Ивановтар әулетінің еңбек жолы 4 жүз жылға жетті. Сергей Ивановтың үлкен атасы шахтер болған. Одан бұл кәсіпті әкесі, өзі отбасының қыз- ұлдары жалғап келеді. Бүгінде барлығы 25 туысы аймақтың әр түрлі кен орындарында көмір қазады.
СЕРГЕЙ ИВАНОВ, КЕНШІ:
Көмір қазу дегеніңіз өте ауыр жұмыс. Олар үнемі алдында жүреді. Жер қыртысын үңгіп дайындап береді. Әрине, бұның қауіптілігі сонда өз өмірің де өзгелердің өмірі де саған байланысты. Барлығын үйде отбасы күтіп отыратынын білесің. Сондықтан барынша жауапты болуға тырысамыз.
Бүгінде Qarmet компаниясына қарасты 8 кен орнында 16 мың кенші жұмыс істейді. Олар жылына 9 млн тоннаға жуық көмір өндіреді. Өндірісте ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға ерекше назар аударылады. Отбасындағыдай бірлік жұмыста да жетістікке жетелейді.