Биыл елімізде жетім балаларды отбасыға орналастырудың жаңа түрі енгізілді, деп жазады Astana TV.
– Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау үшін 6 заң және 94 нормативтік құқықтық акт қабылданды. Сондай-ақ Бала құқығы туралы БҰҰ конвенциясының факультативтік хаттамасы ратификацияланды. Биыл қаңтарда Женевада өткен БҰҰ сессиясында Қазақстанның бала құқығын қорғау саласындағы реформасына жоғары баға берілді. Нәтижесінде балалар үйінде тәрбиеленген жетім балалардың 82 пайызы отбасыға орналастырылды, 3 мыңнан астам бала өз шаңырағын тапты. 360 ересек адам тәлімгер атанды, ал қорғаншылық органдарының штаттық саны 3 есеге артты. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап отбасыға орналастырудың жаңа түрі, яғни кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізілді, - деген ақпарат алдық Оқу-ағарту министрлігінен.
Сондай-ақ министрлік мектептегі буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік барын еске салды.
– Отандық «ДОСБОЛLiKe» атты антибуллинг бағдарламасы енгізіліп жатыр. Сонымен қатар «Кибер Тұмар» және «Ата-ана бақылауы» акциясы ұйымдастырылды, «Менің бауырым» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдің 20 өңірінде психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Онда 250 мыңнан астам оқушы мен олардың отбасы көмек алды. Медиация қызметі мен балалар омбудсмені жұмыс істейді, тәлімгерлерге психологиялық дайындық жүргізіліп жатыр, - дейді ведомстводан.