Президент мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Қазақстан - әлемдік мұнай нарығындағы жетекші мемлекет. Егемендік кезеңінде саладағы өндіріс төрт есе өсті. Алда мұнай өндіру көлемін жылына 100 миллион тоннаға жеткізу міндеті тұр. Өйткені бұл сектор ел экономикасы үшін аса маңызды. Осылай деген Президент мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, мемлекеттік наградалармен марапаттады. Толығырақ Аружан Задабек айтады.

Мұнай-газ өнеркәсібінің өзіндік дәстүрі, бай тарихы бар. Саланың қалыптасып, өркендеуіне бірнеше буын өкілдері зор еңбек сіңірді. Қазір бұл секторда екі жүз мыңнан астам адам жұмыс істейді. Былтыр қазақ мұнайының 125 жылдығы атап өткен едік. Биыл да айтулы жыл. Атырау зауытының ашылғанына 80, Шымкент кәсіпорынына 40, ал «QazaqGaz» ұлттық компаниясына 25 жыл толды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл мерекелік күндер еліміздің мұнай-газ саласының мән-маңызын көрсетеді. Мұнай мен газ – стратегиялық маңызы бар ресурс, бұл – жұртшылыққа белгілі дерек. Себебі бұл сала еліміздің өсіп-өркендеуіне айрықша ықпал етті. Тәуелсіздік жылдары қара алтынның игілігін молынан көрдік. Қазіргі таңда бұл сала қарқынды дамып келеді.

Қазақстан шикізат өндірумен қатар, оны терең өңдеуге баса мән береді. Осы мақсатта Атырау, Павлодар, Шымкент қалаларында орналасқан үш ірі мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылды. Соның арқасында біз ішкі нарықты сапалы жанар-жағармаймен толық қамтамасыз еттік. 13 миллионға жуық адам табиғи газға қол жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қашағанда жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынуда. Сондай-ақ біз қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды қолға алдық. Мұнай-газ химиясы саласында бірқатар ірі жобаны іске қосамыз. Мұның бәрі 20 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары мемлекет экономиканың түрлі саласына шетел инвестициясын тарту жұмысына ерекше назар аударып келеді. Мәселен, жақында ғана барған сапарын мысалға алайық. Қазақ-қытай іскерлік кеңесінде жалпы сомасы 15 миллиард доллар болатын жетпістен астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Оның ішінде Ақтөбе облысында карбамид шығаратын газ-химия кешенінің құрылысы бар. Бұл жобаның құны 1 миллиард доллардан асады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Атырау облысында этан және пропан тасымалдауға арналған магистральді құбыр құрылысын қаржыландыру бойынша Қытай даму банкімен жасалған уағдаластықтың да маңызы зор. Келісімнің жалпы сомасы – 530 миллион долларға жуық.

Отандық мұнай-газ кешенінің алдында технологиялық жаңғыру, атап айтқанда, жасанды интеллектіні енгізу міндеті тұр. Сондықтан осы салаға таза және озық технологияларды әкелу өте маңызды. Геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, жаңа кен орындарын ашуға баса мән беру керек дейді Президент.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұған қоса осы салаға білімді, жас кадрларды тартып, адам әлеуетін барынша арттыру қажет. Себебі жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бізге, ең алдымен, білікті мамандар керек. Білім бағдарламасын жетілдіріп, зерттеу орталықтарын дамытқан жөн. Осы міндеттерді сапалы орындасақ, Әділетті, Қуатты, Таза және Озық Қазақстанның қалыптасуына жол ашамыз.

Халқымызда «Еңбегіне қарай – құрметі» деген жақсы сөз бар. Еңбек адамы – ел адамы. Еңбек адамы, ең алдымен, туған елінің жарқын келешегі үшін аянбай жұмыс істейтін адам. Президент жыл басынан бері еліміздің әр саласында жұмыс істеп жүрген азаматтарды арнайы шақырып, алғыс жариялаған еді. Бұл жолы мұнай-газ саласын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.