Қырғызстанда жол апатынан зардап шеккен қазақстандық елге жеткізілді

Қырғыз Республикасының Ош облысында Қазақстан азаматы жол-көлік апатынан зардап шекті, деп хабарлайды ASTANA.TV.

Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Бас консулдығының мәліметінше, 2025 жылғы 27 тамызда Нұртазина А.А. есімді қазақстандық әйел жол апатынан ауыр жарақат алып, Ош қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Онда оған шұғыл медициналық көмек көрсетілді.

— Туыстарының өтініші бойынша ҚР Бас консулдығы шұғыл түрде мәселені шешуге кірісті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен және жергілікті денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп, 5 қыркүйекте Ош қаласына санитарлық авиация ұшағы жіберілді. Сол күні отандасымыз Қазақстанға сәтті жеткізіліп, әрі қарайғы ем-домын жалғастыруда, — делінген хабарламада.