Елімізде 8 мыңнан астам оқушы орнына арналған 11 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Олардың құрылысын Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры қаржыландырды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Қор 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылып, сыбайлас жемқорлардан кері қайтарылған қаражат есебінен толықтырылады. Оның негізгі міндеті – үш ауысымды оқытуды, апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жою, мектептерді салу және реконструкциялау.
Бүгінгі таңда Қор есебінен 100 мың орындық 89 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Соңғы екі жылда 83 мың оқушыға арналған 74 мектеп, оның ішінде 11 білім беру ұйымы жаңа оқу жылы қарсаңында ашылды.
Бұдан бөлек, 1-қыркүйекке қарай бүкіл ел бойынша 111 мың оқушы орнына арналған 83 жаңа мектеп ашылды: 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында, 11-і Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, 15-і инвестиция тарту есебінен салынған мектептер. Жыл соңына дейін 140 мыңға жуық орынды қамтамасыз ететін тағы 111 мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда.