ЕО Google компаниясына 2,95 млрд еуро айыппұл салды

 5 қыркүйекте Еуропалық комиссия Google компаниясын жарнама алмасу құралы AdX арқылы нарықтағы үстемдігін теріс пайдаланғаны үшін 2,95 млрд еуро айыппұл төлеуге міндеттеді. Бұл туралы Euronews хабарлады.
Еурокомиссияның мәліметінше, Google баспагерлерге арналған жарнама серверін және жарнаманы сатып алу құралдарын пайдалану арқылы нарықтағы бәсекелестікті шектеген.

— Енді Google мүдделер қақтығысын жою үшін маңызды шаралар ұсынуы тиіс. Егер компания мұны жасамаса, біз қатаң шараларды қолданамыз. Цифрлық нарықтар адамдарға қызмет етуге арналған және сенім мен әділдік қағидатына негізделуі тиіс, — делінген бәсекелестік мәселелері жөніндегі еурокомиссар Тереса Рибераның мәлімдемесінде.
Google-ға бәсекелестікке қарсы деп танылған тәжірибені тоқтатуға 60 күн уақыт берілді.

Айта кетейік, Еуропалық комиссия Google-ға қатысты онлайн-жарнама технологиялары секторындағы ресми тергеуді 2021 жылғы маусымда бастаған.

Компания вице-президенті Ли-Энн Малхолланд айыппұлды «негізсіз» деп атап, талап етілген өзгерістер «мыңдаған еуропалық кәсіпорындарға зиянын тигізіп, олардың табыс табуын қиындататынын» айтты.

Google жұма күні Еурокомиссия шешіміне шағым түсіретінін мәлімдеді.

Euronews атап өткендей, шешім АҚШ пен ЕО арасындағы шиеленіс аясында қабылданды. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп еуропалық тарапты америкалық IT-компанияларды қудаласа, кедендік баж енгізумен қайтадан сес көрсеткен болатын,-деп жазады kaz.inform.kz.