Қостанайда полиция көлік ұрысын саусақ іздері арқылы "ізін суытпай" іздеп тапты

Қостанай облысында полицейлер көлікті ұрлап, үш автокөлікпен соқтығысқан қаскүнемді саусақ ізі арқылы анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түн ортасында Қостанай қаласындағы бір аулада тұрған ВАЗ-21099 автокөлігі қолды болды. Көліктің есігі құлыпталмаған, ал кілті салонда қалып кеткен. Рөлге ие бола алмаған қаскүнем BMW, Toyota Alphard және Fiat көліктерімен соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткен. Полиция нарядтары дереу іздестіру шараларын бастады. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келіп, оның құрамындағы аға криминалист Данияр Нұрқанов көліктен саусақ іздерін алып, деректер базасымен салыстырды. Нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, оның Қостанай қаласының 27 жастағы тұрғыны екені белгілі болды.

Қазіргі уақытта көлік құралын заңсыз иелену дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасының мән-жайына құқықтық баға беріліп, зардап шеккен көлік иелеріне келтірілген материалдық шығынды өтеу мәселесі қаралуда. Полиция азаматтарға көлікті қараусыз қалдырмауды, есіктерін міндетті түрде құлыптап, кілтті салонда тастамауды ескертеді.