Таразда ток көзінің тым көп келуінен бүтін бір аудан тұрғындарының тұрмыстық техникасы түгел күйіп кетті. 380 вольттық күшпен келген қуат көзі «Самал» ықшам ауданындағы ондаған көп қабатты үй тұратындарын шығынға батырды. Бұқара бұл апатты жауаптылар орнатқан трансформатордан болған ақау деп болжап отыр. Сондықтан өтемақы талап етіп отыр. Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.
Жарықтың күші көбейіп, компьютер, есептеуіш бәрі жанып кетті. Оның бәрін несиеге алғам. Енді кім төлейді?
Тайлы-тұяғы қалмай тегіс жиналған бұқара бір сәтте барлық техникамыз түкке жарамсыз болып қалды дейді. Қас қарайған уақытта қуат көзін реттегіш құрылғыдан келген 380 вольт ток күшінен бәрі жанып кеткен. Жүздеген тұрғын шығынға баттық дейді.
Гүлмира Сөктаева, Тараз қаласының тұрғыны:
Бірінен кейін бірі партылдап өшті жарықтар. Сосын қорқып дәліздің жарығын қосып едім, кәдімгідей парс етіп жарылды. Сөйтсек, тіпті көршілер айқайлап шығып жатыр екен. 380 қуатпен келді де, мұздатқыш бәрі күйді.
Тұрғындар бұған трансформаторды жөндеуге келген топ кінәлі дейді. Екі адам келіп, мына қуат құрылғысына техникалық тексеру жүргізіп, жоғары кернеулі желіні жалғап жіберген деп отыр. Сол сәтте жаңажылдық от шашудай жарылыс болған.
Роза Тобағұлова, Тараз қаласының тұрғыны:
Қатты жанып кетті жап-жарық болып. Ойбай не болды деп қарасақ жарық өшті де спириалы қып-қызыл болып тіпті өшіп қалды. Болды. Жаңағы екі бала жапты да сразу кетіп қалды. +Солардың өздері болмаса басқа кім болады? Кілт ешкімде жоқ.
Мекеме трансформаторды жаңалағандарын жоққа шығармады.
Жандос Ордабаев, «Тараз қалалық электр жүйелері» ЖШС бөлім бастығы және қосалқы стансалар бөлімінің топ басшысы:
Өзімізде ішкі тексеру жүріп жатыр. Сотқа берсін сот қалай шешеді солай болады. Өтемақы болады, болмайды ешнәрсе айта алмаймын. Мынау ШК тұр, осыған дейін біз жауап береміз. Ары қарай жертөледен жоғары көтерілетін стояктар қалалық электр жүйелеріне қарамайды. Іштегі күйгендерге біз жауап бермейміз.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Ток көзінің тым көп келуінен тұрмыстық техникасы түгел күйіп кеткен тұрғындар өтемақы өндірмек. Алайда, төлеуі тиіс деген мекеме талаптары орынсыз, керек болса, соттасудан қашпаймыз деп отыр. Тіпті олар апатқа себеп артық қуат күшінің қайдан келгенін де түсіндіріп бере алмады.