Алдағы уақытта тағы бір министрлік пайда болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осылай деді.
Заман талабына сай қадам екенін атап өткен мемлекет басшысы жаңа ведомство қазіргі Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі негізінде “Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі” құрылуы керек деді.
-Қазіргі құзырлы министрліктің негізінде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы қажет. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Президент сондай-ақ Цифрлық кодексті қабылдауды жеделдету қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, аталған заң цифрландырудың негізгі бағыттарын айқындауы керек.
Кодексте жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен деректерді пайдалану және басқа да маңызды аспектілер қамтылатын болады.
«Әлемде жаңа геосаяси тәртіп орнай бастады. Қазақстан әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді Президент.