Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында биыл «Достық — Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылатынын және оның ұзындығы 836 шақырым болатынын хабарлады.
Көлік-логистиканы одан әрі дамыту керек. Еліміз Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған аса маңызды көпір болып саналатыны кеңінен белгілі. Былтыр біздің территориямыз арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 миллиард тоннадан асты.
Сонымен бірге еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, Бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі,-деді Президент.
Сондай-ақ Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады. Бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек. Сондай-ақ инфрақұрылымды жақсартуға жаңа инвестиция тартуы қажет, сапалы жұмыс орындарын ашуға ықпал етуге тиіс. Осы орайда, цифрлық тәсілдерді ауқымды түрде қолданған абзал. Онсыз ешқандай тиімділік болмайтынын атап өтті Мемлекет басшысы.
Өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу керек. Ірі транзиттік аймақ саналатын Қазақстан үшін бұл бағыт айрықша маңызды,-деді Президент.
Біз таяуда Вьетнамға Қытайдың Ляньюньган порты арқылы бидайдың алғашқы легін жөнелттік. Ауғанстанда Пәкістан нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Тургунди – Герат» темір жолын салу жоспарда бар. Алайда, жаңа көлік бағыттарына және жаңа нарықтарға жол ашатын мүмкіндіктер мұнымен шектелмейді. Алда атқарар шаруа көп.Жалпы, әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр. Басқа да арзан балама бағыттар мен жолдар ұсынылуда. Транзиттік тасымалдың көлемін арттырамыз десек, біз алдын ала әрекет етіп, әрдайым бір қадам алда болуымыз керек.
Тағы да қайталап айтарым, инфрақұрылымды жаңғырту ісін одан әрі жалғастырып, осы саладағы озық ел болу үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні кең ауқымда пайдаланған жөн,- деді.