«Балдәурен» лагерінде заң бұзушылықтар анықталды

Бурабай ауданының прокуратурасы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының қызметіне жүргізген тексеріс барысында бірқатар системалық заң бұзушылықтар әшкереленді,-деп хабарлайды Astana TV.

 Техникалық паспортқа сәйкес лагерь 400 орынға арналған. Алайда іс жүзінде бір ауысымда 574 бала орналастырылған. Бұл белгіленген нормадан 43%-ға артық.

 Балаларды орналастыру үшін 12 оқу кабинеті жатын бөлме ретінде пайдаланылған. Олар санитарлық тораптармен жабдықталмаған әрі гигиеналық талаптарға сай келмейді. Соның салдарынан кәмелетке толмағандардың денсаулығына қауіп төнген. Сонымен қатар бір бөлмеге 6 бала орнына 9 балаға дейін жайғастырылған.

Ерекше назар аударатын жайт — мемлекеттік квота негізінде тегін демалушылар тар әрі қолайсыз бөлмелерге орналастырылса, ақылы жолдамамен келген балалар бөлек, барлық жағдай жасалған бөлмелерде тұрып келген.

Прокуратура анықталған заң бұзушылықтарды жою, жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту және болашақта балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу мақсатында қадағалау шараларын қабылдағанын мәлімдеді.