ЖИ шалғайдағы шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, еңбек өнімділігін еселуге жол ашады

2022 жылдан бері елімізде жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды. Бірақ, әкімдіктер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет, деді президент. Ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Үкіметке жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгертулер ұсынуды тапсырды.

Диқандар 5 жылдан бері егіс алқаптарын цифрлап келеді. Содан бері егіннің шығымы мен  есеп беру тәсілдерінің жеңілдегенін айтады. Ал жасанды интелектіні қолдану  шалғайдағы шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, еңбек өнімділігін  еселуге жол ашады.

ТОБЫЛ ЖАРҚЫМБАЕВ, ШАРУА:

Қазір бүкіл алқап цифрланған.Ол қазір мысалы мемлекет тарапынан есеп тапсыруға да, өзіміздің жұмысымызға да өте ыңғайлы.Жаңағы жолдауда айтқандай одан ары қарай цифрлап, заманға сай жүріп келе жатырмыз.

Космомониторинг және геоталдау жүйесі пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, оның бәрін қайтаруға септігін тигізіп жатыр.Бұл бағытта жұмысты жалғастыру қажет деді мемлекет басшысы. Ал  жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу,оған кадастрлық мәліметтерді, инфрақұрылымға және жер қойнауын пайдалануға қатысты ақпаратты тоғыстыру саланың жұмысын жеңілдетіп, ісін ілгерлетеді дейді мамандар.

ҚУАНЫШ БАЙМЫРЗА, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын енгізу учаскелері, оларды пайдалану, сондай-ақ экожүйелердің инфрақұрылымдарын  және жер қойнауының пайдаланудың  жай-күйі туралы барлық ақпаратқа бірыңғай қол жеткізуді  қамтамасыз ете отырып, шашыраңқы деректерді интеграциялауға ықпал ететін болады.

Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс.Жергілікті ғалымдар жолдауда айтылған жоспардың жүйелі жүзеге асуын асыға күтеді.

БОЛАТ БАЛАБАЕВ, БИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

Мемлекет басшысы орынды  айтты. Себебі  аграрлық ғылымды дамыту үшін нақты жоспар қажет. Осындай жоспар қабылданатын болса,  бекітілетін болса біздің ғалымдарымыз  екі есе жұмыс жасап және де олардың жұмысы қарқынды болатын еді.Сондықтан да біз бүгінгі жолдауды естіп ғалымдар, ауыл шаруашлығы ғалымдары әсіресе  қуанып отырмыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы да ауыл шаруашылығына айрықша тоқталып, саланы цифрландыру маңызды екенін атап өтті. Енді сол бағытта қарқынды жұмыс істейміз дейді астықты өлкенің шаруалары мен ғалымдары.