Соңғы үш жылда Астана тұрғындарының саны 250 мыңнан астам адамға көбейді

Ішкі және сыртқы көші-қон үдерісінің бақылаусыз қалуы ірі қалалардың инфрақұрылымына айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Соңғы үш жылдың өзінде Астана тұрғындарының саны 250 мыңнан астам адамға көбейді. Ал биылғы өсім бұл көрсеткіштен де асып түсуі мүмкін. Елордада халық саны ресми түрде 1,5 миллион адам болғанымен, оның инфрақұрылымы іс жүзінде күн сайын 1,9 миллион адамға қызмет көрсетеді. Осыған байланысты Президент Үкіметке көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізуді тапсырды. Халықтың өңірлерден үдере көшуін тежеу үшін ел алдында аймақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыру міндеті тұр. Мемлекет басшысы осы маңызды жұмысқа жергілікті билікті атсалысуға шақырды.

ШЫНАР ТӨЛЕШОВА, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ӨҢІРЛІК ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ӨМІР САПАСЫ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Астана, Алматы қалаларында халықтың барлық тобына белгілі бір жағдай жасап отырмыз. Ол жеңілдіктердің өзі халықты басқа өңірлерден тартады. Бұл жерлерде білім саласы, денсаулық саласы, басқа да салалар халыққа қолжетімді. Әлеуметтік теңсіздікке ұшырайтын топтар, көбінесе, ауылдық жерлерде тұрады. Көштің бастапқы нүктесі – ауылдан басталса, біз ең бірінші ауылдағы жағдайды түзеуіміз керек.