Аягөз қаласындағы №4 орта мектепте көп балалы отбасылардан шыққан әскери қызметшілердің балаларына мектеп керек-жарақтарын тапсырған Қорғаныс министрінің бастамасын Қарулы күштер түрлерінің, әскер тектерінің, әскери бөлімдердің, мекемелер мен оқу орындарының жеке құрамы қолдады.
Барлық гарнизондардағы іс-шаралармен көп балалы отбасылар, ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар, ата-аналары қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан балалар, жалғызбасты аналар және басқа да санаттағы мұқтаж жандар қамтылды. Бірінші сынып оқушыларына да ерекше назар аударылды. Оларға рюкзактар, кеңсе тауарлары және басқа да қажетті оқу құралдары берілді.
– Жалпы қайырымдылық шаралары 1749 баланы қамтыды. Мұндай шараларды өткізуге демеушілер: банк басшылары, жеке кәсіпкерлер, партия қайраткерлері және әскери зейнеткерлер едәуір көмек көрсетті. Әрбір баланың және әрбір отбасының қажеттіліктері мен мұқтаждықтарын білетін отбасымен жұмыс істейтін қызмет басшылары, сондай-ақ әскери қызметшілер де шетте қалмады, – деп атап өтті ҚР Қарулы күштері әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Тәттігүл Смағұлова.
Одан бөлек оқу жылы қарсаңында қызметтер балаларға арнап экскурсиялар, кинотеатрларға, мұражайларға және спорттық іс-шараларға бару ұйымдастырды. Астанада әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жөніндегі бөлім 300-ден астам әскери қызметшінің балаларын қуыршақ театрына және елордалық циркке тегін апарды.
Іс-шаралар әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау, жеке құрамның моральдық жағдайын нығайту және ата-аналары Отан қорғау міндеттерін орындайтын балалардың оқуына жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылды.