Елордада жүргізуші куәлігін жасап беремін деп алдаған ер адам ұсталды. Астана қаласында полиция қызметкерлері азаматтарды алдап, ірі көлемде ақша жымқырған алаяқты құрықтады. Тергеу барысында анықталғандай, 34 жастағы күдікті тұрғындарға "таныстары арқылы" жүргізуші куәлігін ресми емтихансыз алып бере алатынын айтып, сенімдеріне кірген. Осы уәдесіне сенген жәбірленушілер оған ақша берген. Алайда уәде етілген құжат ешқашан қолдарына тимеген. Күдіктінің алаяқтық әрекеті бойынша 7 эпизод тіркелді. Жалпы шығын көлемі шамамен 700 мың теңгені құрады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) аясында қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Полиция осындай уәделерге сенбеуге, мемлекеттік қызметтерді тек ресми жолмен, уәкілетті органдар арқылы ғана алуға шақырады. Заңды айналып өтуге тырысу көбіне азаматтардың өздерін алаяқтардың құрбанына айналдырады.