«Алатау қаласы құрылғанына 1,5 жыл өтсе де жобалық-сметалық құжаттамалар кешігуде» - депутат

  • AstanaTV
  • 10 қыркүйек 2025

«AMANAT» Фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов Премьер-Министр Олжас Бектеновке Алатау қаласын іскерлік белсенділік пен инновацияның жаңа орталығы ретінде дамыту туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Astana TV.

Президенттің саяси ерік-жігері мен нақты тапсырмаларының нәтижесінде елімізде жаңа облыстар, қалалар мен аудандар құрылып, өңірлік басқарудың жаңа деңгейі қалыптасуда. Солардың бірі – Алматы агломерациясының өзекті мәселелерін шешу мақсатында құрылған Алатау қаласы. Бұл – стратегиялық маңызы зор, келешекке бағытталған ірі жоба. Мемлекет басшысы өзінің кезекті Жолдауында: «Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет», – деп атап өтіп, қаланың институционалдық негіздерін қалыптастыруды, сондай-ақ арнайы мәртебесін айқындайтын заң жобасын Парламент қарауына енгізуді тапсырды, – дейді депутат.

Президенттің бұл бастамасы – өңір халқы мен Алатау жұртшылығына деген шынайы жанашырлық пен стратегиялық көзқарастың айқын көрінісі.

Үкімет қаланың Бас жоспары бекітті. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдету керекпіз.Сонымен қатар, қала құрылғанына 1,5 жыл өтсе де, көптеген жобалардың жобалық-сметалық құжаттамалары кешігуде.Оның ішінде, Заречный мен Жетіген елдімекендеріндегі аса зәру мәдениет үйлері, спорт кешені мен ауыз су жүйелеріне қатысты жобаларды тез арада жергілікті әкімдік дайындау тиіс. Қаланың қажеттілігі үшін қайтарылған жер телімдеріне қатысты шешімін таппаған мәселелер бар, – дейді депутат.

Бас жоспарға сәйкес, Алатау қаласында 168 мектеп, 219 балабақша, 102 медициналық мекеме салынуы тиіс. Бұл — аймақтағы жоғары демографиялық өсімге және әлеуметтік инфрақұрылымға қажетті фактор.Сондықтан, Президенттің тапсырмасына сәйкес жергілікті әкімдік Үкіметпен бірлесіп, бұл мәселелерді жүзеге асыруы тиіс.