"Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайту – еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды бағыттың бірі", - Президент

"Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайту – еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды бағыттың бірі". Конго Демократиялық Республикасының Президентімен келіссөз жүргізген Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Кездесу нәтижесінде тараптар экономика, энергетика сынды салаларда бірқатар келісімдерге қол қойды. Осылайша, қара құрлық пен қазақ даласы арасындағы байланыстың жаңа кезеңі басталды.

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Бүгінде Конго Демократиялық Республикасымен ынтымақтастық орнағанына біраз уақыт болды. Десе де, арадағы алыс-беріс, барыс-келіс көлемі ауыз толтырып айтарлықтай емес. Тауар айналымы 4,7 млн доллардың төңірегінде ғана. Бірақ бүгінгі кездесу нәтижесінде сауда-экономикалық, гуманитарлық байланыстар беки түспек. Тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы мен логистика салаларында да өзара тиімді жобалар іске асатынына сенім мол.

Соңғы уақытта Қазақстан мен "ыстық құрлық" арасындағы байланыс жандана түсті. Бұған қара құрлық көшбасшыларының бірінен соң бірі елімізге ат басын бұруы дәлел. Феликс Чисекедидің де қазақ жеріне алғаш рет келуі - тарихи сапар. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл қадам Қазақстан мен Конго арасындағы қарым-қатынасты дамытуға тың серпін береді. Еліңіз – адами және табиғи ресурсқа бай мемлекет. Халық саны 110 миллионнан астам ел. Сондай-ақ Конгоның халықаралық және аймақтық деңгейдегі рөлі артып келе жатыр. Осы орайда бүгінгі келіссөздер Орталық Азия және Африка арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етеді деп сенеміз.

Екі мемлекетті мыңдаған шақырым бөліп жатқанымен, ортақ мүдде мен ұқсас сипаттар аз емес. Конго Демократиялық Республикасы да - Қазақстан секілді табиғи байлыққа тұнып тұрған, жер көлемі ауқымды мемлекет. Тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық аясында ERG компаниясы бұл елде белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

ФЕЛИКС ЧИСЕКЕДИ, КОНГО ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен екі ел, жалпы алғанда, Африка аймағы мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында сапармен келдім. Әрине, біздің мемлекеттеріміз бір бірінен алыста орналасқан. Дегенмен осындай сапарлар бізді жақындастырып, бір-бірімізді жіті тануға мүмкіндік береді. Ықпалдастықты арттырып, тәжірибе алмасатын басқа да көптеген бағыт бар деп ойлаймын.

Конго Демократиялық Республикасы – жер астындағы байлық тұрғысынан әлемнің нағыз алыптарының бірі. Жер қойнауы кобальттың 76 пайызына, мыстың 14 пайызына, қалайының 8,3 пайызына, танталдың 42 пайызы мен колтанның 40 пайызына ие. Бұған қоса, жоғары технологиялар үшін ауадай қажет басқа да сирек минералдардың мол қоры да осы елдің еншісінде. Мемлекет басшысы екі ел осы салада тиімді жобаларды іске асыруда сенімді серіктес бола алатынын жеткізді. Феликс Чисекедиде ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін айтты.

ФЕЛИКС ЧИСЕКЕДИ, КОНГО ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Конго Демократиялық Республикасы халықаралық қоғамдастықтың, соның ішінде Қазақстанның ең қиын сәттерде көрсеткен қолдауын ешқашан ұмытпайды. Қазақстан БҰҰ аясындағы белсенді ұстанымымен Конго халқына жанашыр екенін дәлелдеді. 

Келіссөздер тек сыпайы амандасумен шектелген жоқ. Екі ел сауда-саттықты арттырып, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, ІТ және тау-кен сынды стратегиялық салаларда өзара ықпалдастықты күшейтуге келісті. Тараптар тіпті бұл бағыттағы нақты қадамдарды қағазға түсіріп, бірнеше маңызды құжатқа қол қойды. Екі ел президенттері  бірлескен мәлімдеме қабылдап, әріптестіктің жаңа парағын ашты. Сонымен қатар дипломатиялық консультациялар мен геология және жер қойнауын игеру бойынша ынтымақтастықты көздейтін ведомствоаралық келісімдер де рәсімделді.

Президент бүгін екі ел жылнамасындағы тарихи күн екенін атап өтті. Астана мен Киншаса арасындағы сан қырлы серіктестіктің әлеуеті мол, болашағы зор екенін жеткізді. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ықпалдастықты ерекше серпінмен тереңдету үшін барлық мүмкіндік бар. Жоғары деңгейдегі саяси ниетіміз – ортақ, сауда-экономикалық әлеуетіміз – мол, мәдени-гуманитарлық саладағы мақсат-міндеттеріміз бір. Бүгінгі келіссөз қорытындылары – осының айқын дәлелі. Біз өзара қолдау мен түсіністік рухында екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге уағдаластық. Екі елдің мүддесіне сай келетін маңызды келісімдерге қол жеткіздік.

Феликс Чисекедидің екі ел арасындағы достық көпірін нығайтуға қосқан үлесі елеусіз қалған жоқ. Мемлекет басшысы Конго Демократиялық Республикасының Президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл – қазақ елінің Сізге деген ерекше құрметі және шынайы ризашылығы, халқыңызға көрсеткен ыстық ықыласы. Сіз Африка елдерінің жоғары басшылары арасындағы осындай құрметті марапат алған тұңғыш саясаткер болдыңыз.

Конго Демократиялық Республикасының Президенті марапатқа лайық көргені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып,  екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

ФЕЛИКС ЧИСЕКЕДИ, КОНГО ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өз елімнің, сондай-ақ тұтас Африка құрлығының мүддесіне сай келетін ықпалдастықтың жаңа бағыттарын іздеп, оны одан әрі дамытуға ұмтыламыз. Орталық Азия өңірі әзірге Африкаға аса таныс емес. Сондықтан бүгінгі және болашақтағы ынтымақтастығымыз қос құрлық арасындағы байланыстар тарихында маңызды кезең болатынына сенімдімін.

Қорыта айтқанда, Африка құрлығымен байланысымыз жаңа белеске көтерілді. Бұл Қазақстан үшін зор әлеует пен айырықша мүмкіндіктердің бастауы болмақ.