Израильдің Катарға жасаған шабуылында қазақстандықтар зардап шеккен жоқ. Бұл туралы еліміздің Сыртқы Істер министрлігі хабарлады. Дохада қазақстандықтардың болғанына қарамастан, елшілікке ешкім жүгінбеген. Еске салайық, кеше Израиль Қатар астанасындағы келіссөз жүріп жатқан ғимаратқа әуе шабуылын жасады. Нәтижесінде, ХАМАС-тың лауазымды тұлғалары қаза тапқан.
Күні кеше Трамп Израиль келісімге келуге әзір, - деп елді дүр сілкіндірген еді. ХАМАС та соған сеніп қалған секілді. Қатардағы келіссөз жүргізетін ғимаратта отырғанда кенеттен шабуыл жасалды. Ондаған ұшақ Қатардың әуе кеңістігін бұзып-жарып, 23 бомба тастаған. Нәтижесінде, келіссөздерге жауапты екі лауазымды тұлға көз жұмды. Қатар болса: «Енді диалог алаңын бермейміз, Израильді кешірмейміз», - деп ашуланды.
МОХАММЕД БИН АБДУЛРАХМАН АЛЬ ТАНИ, ҚАТАР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ, СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Бұл – Қатарға жасалған шабуыл. Біз ешқашан Израильді кешірмейміз. Олар біздің бітімгершілік бастамамызды аяққа таптады. Бүкіл өңір бірігіп жауап қайтару керек деп санаймыз. Себебі, бейбіт елдің шекарасын бұзу – ауыр қылмыс.
Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху болса, мұны Йерусалимдегі терракт үшін жауап ретінде осындай әрекетке барғанын айтуда.
БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Мен жауапкершілікті толықтай өз мойныма аламын. ХАМАС басшылығы қайда жүрсе де, біз үшін заңды нысана. Барлық күштік құрылымдар маған қолдау көрсетті.
Айта кетейік, Қатар билігі АҚШ шабуыл басталғаннан кейін 7 минут өткенде ғана ескерткенін айтып ренжіді. Трамп та бұны мойындап отыр. Израильдік басылымдар Трамп рұқсат берді деген хабар таратқанымен, АҚШ Президенті бұны жоққа шығарды.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Маған бұл шабуыл мүлдем ұнамады. Қатар – біздің Таяу Шығыстағы ең жақын одақтастарымыздың бірі. Бұндай жағдай енді қайталанбайтынына уәде беремін. Қатарлық әріптестеріме бірден қоңырау шалдым. Бірақ, ХАМАС-тың белді тұлғалары өлді деген жақсы хабар. Себебі, олар әлі тұтқында бейбіт азаматтарды ұстап отыр.
Трамп демекші, оның басы қайтадан дауға қалды. Вашингтондағы мейрамханалардың бірінен келгенде, онда отырған дүйім жұрт айқай-шу шығарып, АҚШ Президентін қумақшы болды. Алайда, Құпия Қызмет наразы топтың өзін сыртқа шығарып жіберді.